О, Жасаған! Бір кезде сыйлаушы еді пендеңді,
Сыйламайтын сәлдеңді бір замандар келді енді.
Қымбат едім халқыма, қадірлі едім әулетке,
Жердің беті толы еді жәннет пенен дәулетке.
Жоқ болатын, шіркін-ай, меннен басқа жоқ көсем,
Ешкім қарсы болмайтын қараңызды ақ десем!
Болушы еді әркімнің өз шаруасы, өз ісі,
Жүрмеуші еді пенденің қолы сынып, көзі ісіп.
Мен жасаған сұмдықты тірі пенде сезбеді,
Ол кездері барлығы аңқау еді, ізгі еді.
Менің айтқан сөзімнен ешкім ұзап кетпейтін,
Жаман деуге жаманды тәуекелі жетпейтін.
Қайда сол бір жақсы кез, қайда сол бір бақытым?
Бүлдіргенін түзеуге болды ма елдің уақыты?!
Аулаушы едім ол кезде лай судан балық мен,
Жұмыс істеу оңай ғой соқыр, надан халықпен!
Ғабдолла Тоқай, татардың белгілі ақыны