Бостандық жолында талай батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ, халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді
Тағдыр тауқыметі ұлтымыздың жүрегінен азаттық рухын өшіре алмады. Қазақтың қайсар ұл-қыздары қашанда елді бостандыққа үндеп, жігерін жани білді
Біздің мемлекеттілік тарихымыз көне заманнан бастау алады. Бір кезде бөрілі байрақ көтерген көк түріктер мәңгі ел болуға ұмтылды
Күлтегін мен Білге қаған туралы тастағы жазулар тарихымыздың тереңдігін танытады. Батыр бабаларымыз бүкіл Еуразияда ат ойнатқан қуатты мемлекеттер құрды
Сайын далада теңдесі жоқ көшпелілер өркениетін қалыптастырды. Алып құрлықтың саяси-экономикалық даму барысына орасан зор ықпалын тигізді
Олар ұрпаққа асқақ рухын және өр намысын мирас етті. Баға жетпес мәдени мұрасы мен жауһар жәдігерлерін табыстады
Алтын Орда орта ғасырдағы алып мемлекет ретінде белгілі. Қазақ халқы осы ұлық ұлыстың тікелей мұрагері болып саналады