Әлемге әйгілі Қазақстан әншісі - Димаш Құдайбергеновтың өмірі жайлы 15 қызықты факт.
Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайберген 1994 жылы 24 мамыр күні Ақтөбе қаласында дүниеге келген.
Өнерлі отбасынан шыққан. Димаштың ата-анасы елімізде танымал әншілер. Димаштың әкесі Қанат Айтбаев – Ақтөбе облыстық филармонияның басшысы, анасы Светлана Айтбаева – облыстық маслихат депутаты.
Димаш үйінде тұңғышы болғандықтан, ескі қазақы салтпен ата-анасының емес, атасы мен әжесінің тәрбиесінде өскен.
Димаштың Раушан атты қарындасы, Әбілмансұр есімді інісі бар.
2014 жылы Ақтөбе қаласында А. Жұбанов атындағы Музыкалық колледжінде «академиялық ән орындау» факультетін тәмамдаған. Қазір Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің 3 курс студенті.
Ең алғаш рет спектакльде ойнауымен таныла бастады. 5 жасында музыкалық колледж сахнасында алғаш әнші ретінде ән салған
ЖҮЛДЕЛЕРІ:
- 2012 жылы «Жас қанат» Республикалық жас ән орындаушылар байқауында Бас жүлде
- 2012 жылы «Восточный базар» Халықаралық байқауында І жүлде лауреаты
- 2013 жылы «Мейкин Азия» І Халықаралық фестивалінің жеңімпазы
- Витебск қаласында өткен XXIV Халықаралық эстрадалық ән орындаушылар «Славян базары-2015» байқауында Бас жүлдені жеңіп алады
- 2015 жылы Стамбұлда өткен «Abu TV» Халықаралық Азия-Тынық мұхит фестивалінде Қазақстан Республикасының атынан алғаш рет қатысты
«Халық сүйіктісі» Ұлттық сыйлығының лауреаты, «Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға лайықты үлес қосқаны үшін» Қазақстан Республикасының Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Бүгінде Димаш Құдайбергенов Қытайдың 14 кезеңінен тұратын «I AM SINGER» («Мен әншімін») телебайқауына қатысып, сайыстың бірінші күнінде-ақ қазылар алқасы тарапынан ең жоғарғы ұпай жинап, жеңімпаз атанады. Димаш орындаған француздың «S.O.S. d'un terrien en détresse» әнін әлем бойынша 2 млрд-тан астам қараған. Екінші күні Витастың «Опера-2» әнімен I орынға шығады, ал үшінші кезеңде ағылшын тіліндегі «The Show Must Go On» әнімен III орын және төртінші кезеңде де қытай әнін орындап III орынға түссе, бесінші кезеңде V орынды иеленді, деп жазады ақпарат құралдары. Ал алтыншы кезеңде Лара Фабианның эталонына айналған «Адажио» әнін итальянша орындап, тағы да I орынды алады екен. Оны келесі апта, яғни 25-ші ақпан күні Қытайдың ең ірі Hunan телеарнасынан көруге болады.
Қытайда ғана емес, Америка, Австралия, Франция, Ресейде фанаттары көбейіп, атағы жер жарды. Димаштың дауыс ерекшелігінен басқа, киім және шаш үлгісі, сахнада өзін ұстай білуі, лирикалық әндері мен бет-келбеті қытайлық қыздардың жүрегін жаулап алуда. Димаштың сахнадан тыс өмірін, жүріс-тұрысын, әр қадамын аңдыған қыздар әншіні көру үшін ол отыратын самолеттерге билет сатып алады екен. Ал Қытайдағы жанкүйерлерінің жартысы түрлі қымбат сыйлықтар сыйласа, ал кейбір ауқатты жанкүйерлері үйлерінің сыртына Димаштың аты жазылған төмендегідей баннерлер іліп қоятын көрінеді. Сондай-ақ, анимациялық кейіпте салып жатқандары қаншама!
Қытайдың танымал әрі кәсіби әншілері қатысып жатқан «Мен әншімін» байқауында Димаш – ең жас қатысушысы. Өзге әншілердің жас шамалары 30-60 жас аралығында. Сондай-ақ, байқауда бірнеше тілде ән орындап келе жатқан жалғыз әнші – Димаш!
Димаш өз Ана тілін есептемегенде, серб, итальян, француз, ағылшын, орыс, қытай және т.б тілдерде ән орындайды.
Қазақтың қара домбырасы және фортепиано аспаптарында шебер ойнайды. Тарихи есте қалар сәт – Димашты Қытайдың әйгілі кино актері Джеки Чан өз студиясына шақырып танысады. Оған жас әнші ою-өрнекті шапан кигізіп, қазақтың қара домбырасын сыйға тартты.
Дауыс диапазоны – 4 октава. Қазақстанның халық әртісі әрі вокалдан беретін білікті ұстаз Лаки Кесоглу: «Димаштың даусы әншілерде сирек кездеседі. Оның дауыс түрі – контртенор деп аталады. Әлемде контртенорлар саусақпен санарлық», - деп атап өтіп, кәсіби маман ретінде биік бағасын берді.
Күні-түні қолғабыс жасап, Димаштың жанында жүрген досы әрі пиар-менеджері Алпамыс Шәрімов өз Инстаграм парақшасында ТОП-10 Қытай танымал жұлдыздарының ішінде Димаш 1 орынды бермей келе жатқанын жариялады:
Қытайда әр апта сайын жұлдыздардың (тек әншілер емес, актер, жүргізуші т.б) танымалдылық рейтингісі жарияланатынын, Ғаламторда есімдерінің көп пайдалануы, ғаламтордағы іздеуі бойынша, әртістің видеоларының көрсетілімі бойынша, телеарнадағы рейтинг т.б есептелінеді. Назарларыңызға осы аптадағы Қытай танымал жұлдыздарының Топ 10-ы: Димаш @kudaibergenov.dimash екінші апта қатарынан 1 орында!