Асқар таудай әкем Қадуов Шаймерденге,

ардақты анам Қадуова Сарманға арнаймын



           АЛҒЫСӨЗ #


Мен қазақпын! Анамның ақ сүтімен дарыған тіл, қазақ тілі - менің ана тілім! Дәл бүгін мен осыны айтып мақтанамын! Кеудемдегі мақтаныш сезімін айтып жеткізу қиын болса да тырысуға бел будым.

Неліктен қиын дейсіз бе? Себебі, менің жасым елу екіде, және мен тоғыз жасымнан бастап орысша сөйлеп келдім. Ана тіліме деген махаббатым кеш оянса да, бұл жайтқа қатты ризамын. Кей кезде сонша уақытымның зая кеткені есіме түссе болды, мұңға батамын.

Осы күнге дейін бұл сезімсіз қалай өмір сүргенімді өзім де түсінбеймін. Мүмкін, осы сезім әрқашан менімен бірге болған да шығар, тек қана жанымның ең алыс түкпірінде жатты ма екен?

Алайда, мені өмір бойы нақты бір нәрсе сақтап жүрді - қазақ деген ұлтым ба, ана тілім бе, білмеймін. Әйтпесе, мен қалайша соншама жас жасап, өз ұлтымды бағаламай, өз тілімді қадірлемей, жер басып, тыныс алып, ұрпақ тәрбиелеп, есімнен адасып кетпей жүргенмін. Осыған таң қалам.

Осы соңғы бір жыл бойы ана тілімнің тағдыры мені жиі мазалап жүрді. Қазақша оқыған екі баламның орысша сөйлегеніне қарсы шықсам, олардың «сіз өзіңіз де орысша сөйлейсіз ғой» деген жауабына, «мен орысша оқығам» деген сөзім өйпейтініне көзім жетті. Расында да өзім де, жолдасым да, туыстарымыз, жолдастарымыз да көбінесе орысша сөйлейміз. Осылай бола берсе, қазақ тілі жойылып кетеді ғой деген уайым қалмай қойды. 

Бұл уайымның бәрі жас әнші Димаш Құдайбергеннің Қытай еліне барып «I am sinqer» жобасына қатысқаннан басталды. Осы баланың даусын көптен жақсы көретінбін. Ең алғашқы маған әсер еткен әні «Дайдидау» әні еді. Димашқа дейін осы әнді естімеппін де.

Әсіресе «Дайдидау» әнінің  «қозғайсын  қатып қалған іштің дертін» деген сөздері ойымнан шықпай, қайта –қайта ыңылдап айтып жүретінбін. Ал Димаш Кытай еліне барып қазақша сөйлегені мені қатты таңғалдырды. Сол күнге дейін мен қазақ тілі ештеңеге жарамайтын шығар деп ойлап жүрген екенбін, өйткені басшыларымыз да орысша сөйлейді, бүкіл мекемеде де қызмет орысша көрсетіледі, өзіміз де орысша оқып, көбінесе орысша сөйлейміз.

Теледидарда бір бағдарламада «Әлемде жыл сайын бірнеше тіл қолданысы болмай өледі» дегенін естіп едім. Қазақ тілі сондай бір тіл болатын шығар деп, өз өзіме тіл мәселесін жолатпайтынмын. Димаштың шет елде екі ай бойы қазақша сөйлегені мен үшін бір жаңалық болды. 

Осыдан кейін менің санам жарылды, бір күнде қатты үйқыдан оянғандай болдым, мен менің ана тілім, қазақ тілі ешбір басқа тілден кем емес екенін, ана тілім маған керек екенін, ана тілім маған қымбат екенін түсіндім .  Олай болса, мен қалай соншама жыл адасқанбын, неліктен мен өз ана тілімнен безіп кеттім, неге мен орыс тілінде сөйлеген дұрыс деп санап жүрдім?

Енді осы сұрақтарға жауаб іздеп,  ойланып, уайымдап, күйзеліп, дамыл таппайтын болдым.

Сәуір айының соңында You Tube желісінде түрк азаматы Оғыз Доған мырзаның Казкоммерцбанк қызметкерлерінің оған мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тартқаны туралы шу шықты.

Осы түрік азаматының қазақ тілі үшін күресіп жүргені менің түйсігімдегі қазақ тіліне деген бір сезімді оятты - біреу менің ардақты анашымды қатты ренжіткендей, жүрегім ауырып, уайымдап, қазақ тілінің жағдайы одан сайын жаныма батып, тыныштығым біржолата кетті.

Бәлкім сізге біреудің осылай ана тілі үшін жаны шығуға жақын болғаны ерсі көрінетін шығар. Мен өзім де осылай болғанына таң қалдым, бұны қалағаным да жоқ. Ешкімге осындай алай-дүлей жан тебіреністерін тілемеймін де, өйткені ол маған оңайға тимеді.

Түнімен ұйықтамай, ішім күйіп, жылаған күндерім де болды. Түрімді көрген ұлым Әділхан, он тоғыз жастағы бала, не болды деп сұрады. Ол менің айтқаныма күле ме деген оймен, былай бастадым:

-Күлсең күле бер, бірақ менің ішіме мына жүк сияр емес, сондықтан турасын айтып берейін. Мен ана тілімнің тағдырын ойлап бірнеше күн болды ұйықтай алмай жүрмін,- деп жылап жібердім. Маған жаны ашыған балам, күлген жоқ. Керісінше, бәрін түсінікпен қабылдап: 

-Ма, неге жылайсыз, қазақ тілі әлі жойылып кеткен жоқ қой. Бұл мәселеге жарқын жүзбен қарау керек, сонда мүмкін қазақ тілін сақтап қалатын бір амал табылатын шығар, - деп жауап қатты.

Шынында да, мен бірден қайғыға батып кеткенімді енді ғана түсіндім. Баламның айтқанын ойлап біраз күн жүрдім. Тіліміздің жағдайын ғаламторда зерттеп көрдім, расында да бәрі соншалықты жаман емес екен.

Елімізде қазақтардың сексен пайызы мемлекеттік тілде сөйлейді деген деректі оқып қуансам да, өкінішке орай, Қазақстанда қазақ тіліне деген сұраныс жоқ екенін білдім. Бұл - кез келген тілдің жоғалуына апаратын тура жол.

Мемлекеттік тілдің деңгейі жайлы өте көп оқи бастадым, тіл мәселесі жөніндегі көрген түрлі бағдарламалар толғанысымды күшейтпесе де әлсіретпеді. You Tube желісіндегі  Мұхтар Шаханов, Оғыз Доған, Бекболат Тлеухан, Дос Көшім, Омар Жәлел, Айдос Сарым, Дархан Әбдік сияқты ұлт жанашырларының жан айқайы менің көзімді көп нәрсеге ашты.

Елбасымыздың рухани жаңғыру бағдарламасы, қазақ тілін латын әріптеріне көшу жоспары тағы да қазақ тілі сақталады деген үмітімді арттыра түсті.

Оқу, білу, зерттеу –әрине жақсы шаруа, бірақ одан кейін әрекет жасау керек екенін біле тұра, ештеңе жасамасам, ештеңе өзгермейді-ау деп, өзімнен бастайын деп шештім. Жаным тынышталмайтын болғасын әрекет жасауға тура келді. Біріншіден өз өзіме «осы күннен бастап таза қазақша сөйлеймін»- деп шарт қойдым – «Қандай қиын болса да, ана тіліне шын жаның ашыса, осы шартты орындайсын»,- дедім.

Оңай болған жоқ, бірақ қазір компьютер, ғаламтордың арқасында көп жұмысты жеңілдетуге болады. Кез келген сөзді білмесем, ғаламтордан таба қоямын. Осылай, екі-үш аптаның  аралығында таза қазақша сөйлеп кеттім, арасына бір де бір орысша қоспаймын.

Бүкіл қазақ сөздерін ғаламторға енгізген азаматтарға әрдайым алғысымды айтып жүремін. Сіздердің қазақ ұлты сақталу үшін жасаған қарекеттеріңізді өлшеуге мүмкін емес.

Содан кейін өзіме тағы бір шарт қойдым - қазақша ойлайсың деп. Бұл да оңай болған жоқ, бірақ орындауға болады. Әр сәтте өзіңнің не ойлап отырғаныңды, қай тілде ойлап отырғаныңды бақылайсың. Бұл өте пайдалы іс, ол - бөлек әңгіме. 

Енді мен бүкіл туыс-туғаныммен, жора-жолдастарыммен, таныс адамдармен, кез келген жерде танымайтын қазақтармен де тек қана таза қазақша сөйлей бастадым. Бәрінен де көп қиындық туғызған осы кез болды.

Бірыңғай қазақша сөйлесем, ең жақын туысымның өзі маған таңғалып қарайтын еді. Ол ол ма, бүкілі менің таза қазақша сөйлегенімді ұнатпады. Неменеге білгенсіп, өзінше болып тұрсың дегендей қарайтын. 

Бәлкім, бұл менің өз ойым осындай болған шығар, сондықтан кей кезде ыңғайсызданып қалып жүрдім, бірден орысша сөйлеп немесе орыс сөздерін араластырып сөйлеп кететінмін. Бірақ оны да жеңдім.

Бір қызығы, бұны қызығы деп те айтуға болмайды, негізі өкініштісі – қазақтардың орыс тілінде немесе шала қазақ тілінде сөйлеп үйреніп кеткені соншалықты, таза қазақша сөйлеген адам бөтен болып көрінеді, кісімсіп, білгенсіп тұрған сияқты болады.

Тағы да бір жасаған әрекетім –ол, екі жыл бойы Instagram-дағы бірыңғай орыс тілінде жүргізген @ riza _qaiyrymdylyk_dukeni жұмыс парақшамды тек қана қазақ тілінде жүргізу. Шүкір, оған да жеттім.

Жоспарларымды орындаған соң арқамдағы жүгім сәл жеңілдеп, көңілім көтеріліп, ана тілімді өз орнына – төрге отырғызғандай болып мәз-мәйрам болып жүргем, бір күні мамыр айының соңында ютубтан бір саясаткердің сұқбатын тыңдадым.

Ол адам қазақтардың көзін бақырайтып қойып айтып отырған әңгімесі мынау «Қазақстанда қазақ тілі ғана мемлекеттік тіл болуы мүмкін емес. Орыс тілі Қазақстанда мәңгілікке». Олай болса ана тілім жойылды дей бер, қазақ тілінің деңгейі көтерілмей жатқанының себебі осы екі тілдік саясат емес пе?!

Көтерілген рухымның ізі де қалған жоқ, жаным қысылып, қайтадан уайымға баттым да кеттім. 

Осыны ана адамның айтып отырғаны әдейі екенін бірден сездім. Қазақ құлдық сананы енді ғана өз бойынан тауып, одан құтылам деп тырысып жатқанда, бұл адамның сөзі- аяқтан шалғаны ғой! Әрине, ол өз ұлтының қамын ойлайды.

Ал қазақ ұлтының қамын кім ойлап, кім қазақ тілін қорғайды. Иә, ұлтжанашырлар бар. Иә, Димаш баламыз бүкіл әлемге қазақ тілін паш етті! Иә, Оғыз Доған мырза бастапқы қадам жасап жүр. Бірақ тіл мәселесі азынаулақ адамдардың қолынан келетін іс емес қой. Оған бүкіл халық жұмыла ат салысу керек. 

«Ал менің қолымнан басқа не келеді!?» - деп тағы да ойға батып кеттім. Маған қазақ тілінің соңғы жарты ғасырдағы тарихы туралы оқудың қажеті де жоқ. Менің өз тағдырым, балалық шағымнан бастап, ана тілімнің тағдырымен тікелей байланысты екенін бұрыннан білемін.

Бірақ оған аса көп мән бермеппін. Осы күндері менің миымда бір ой қалыптаса бастады – иә, ана тілімнің тағдыры - бұл менің тағдырым, ана тілім көрген қайғы - қасіретті мен де көрдім,  ана тілім сияқты мен де өлім аузында болып, құдай сақтап, аман қалдым. 

Өзім осы соңғы бір жыл бойы ана тілім туралы қатты ойлансам да, тек қана соңғы екі ай  күні-түні осы мәселеге жан дүниемді беріп, осы салада көп ақпарат оқып, тыңдап, ойлап: «қазақ тілімді сақтап қалатын жол іздеп, осы шараға үлесімді қалай қоссам екен» - деп жүрдім.

Осындай әрекеттердің нәтижесі – ана тілім, қазақ тілім туралы  кішігірім кітап жазу. Өз тағдырымды айтып берсем, ішінен ана тілімнің де тағдырын көруге болады. Менің тағдырым – ана тілімнің тағдыры.

Бәлкім, осыны оқып «Осындай сөздерді айтуға қалай тілі барады» деп мені сөгетін адам да табылатын шығар. Басынан бастап ашып алайық – сөгуге асықпаңыздар, тоқтай тұрыңыз, менің өмірімде не көргенімді, қандай қайғы басымнан өткенін сіздер әлі білмейсіздер. Оқып алыңыздар, біліп алыңыздар, содан кейін сөккілеріңіз келсе, өз ырқыңыз білсін.

Ана тілім туралы орысша жазғаным дұрыс болмас деп, қазақша жазам деп шештім. Сондықтан күні бұрын кешірім де сұрап алғым келеді. Қателіктерім болса, айып етпеңіздер! Мен енді ғана таза қазақша сөйлей бастадым, ал жазу мен үшін одан да қиын болады ғой деймін, бірақ мен барынша дұрыс жазуға тырысамын.

 

БІРІНШІ БӨЛІМ

 

Мен Ерейментау ауданында туып өстім. Әкем қойшы болды. Шешем сегіз жылда жеті бала туып, көп жылға дейін балаларды күтуден аспады, бірақ сонда да әкеме  көмектесетін. 

Үкімет жетпісінші жылдары, жайын бар жерде, қойшылар отбасыларымен бірге тұрып, қой бақсын деген мақсатпен сайын далада үй салып беретін. Сондай мал жайылымы бар жерде біз де тұрдық, ол жер Қаратау деп аталатын.

Қаратау десе Қаратау, биік таудың баурайында біздің үйіміз тұратын. Кешке таман, күн таудың артына батқанда, бер жағынан, біздің үйіміз тұрған жақтан тау қап-қара болып көрінетін. Сол кезде мен бес жастамын, өзімді өзім жаңа сезіп келе жатқан кезім.

Қаратауда мені қатты мұңайтатыны – күннің ерте батуы, жаздың өзінде де сағат жетілер шамасында біздің үйіміздің маңы таудың көлеңкесінен қараңғы болып кететін. Ал алысқа қарасаң, үш шақырымдай жерден кейін көпке дейін күннің көзі жарқырап тұрады. Мен сол жарқырап тұрған жаққа қарап, үйіміз сол жарық жақта болса ғой деп армандайтынмын. 

Сол балалық естеліктен басқасының бәрі жақсы болды, әсіресе жаз уақыты. Таудың жиегі - орман, маңайы толы - жидек.

Біз сонда ойнайтынбыз, әртүрлі жидекке тоятынбыз, күнге күйіп, өзенге шомылып, шынығып, денсаулығымыз мықты болып өстік. Тек қана мен басқа балаларға қарағанда нәзіктеу болдым, көбірек ауыра беретінбін.

Бірақ мектепке баратын кезде емханада тексерілгенде денім сау болып шықты. Әкеміз қой баққасын, жейтін етіміз де болды, азықты бастықтар ауданнан арнайы машинамен жіберетін. Анамыз күні бойы біздің тамағымызды дайындаумен болатын. 

Тек қана бір жаманы- сырттан келетін адамдарды өте сирек көретінбіз, сондықтан кім келсе де, біз, балалар үшін, үлкен қуаныш. Сырттан келген адамдар әке-шешемізге әңгімелерін айтады, біз олардан қалыспай бәрін тыңдаймыз.

Әңгіме тыңдауды, әсіресе, мен қатты жақсы көруші едім. Шешеміз ұрысатын, тіпті қонақ отырған дастарқанның маңайына жолатпай қояды. Мен бәрібір амал тауып, тығылып қалсам да, үлкендер айтып жатқанын естуге тырысатынмын. Сонда көп әңгіменің ішінде ылғи бір маңызды тақырып болатын, ол орыстар мен орыс тілі туралы әңгіме. 

Үйімізге сол кездері екі-үш орыс адамы ғана келетін, оның ішінде Иван Павлович, бізге келіп тұратын мал дәрігері. Бұл адам әкеміздің бастығы болып саналады,өйткені қойдың санына байланысты, көп мәселелерді шешетін, сондықтан ол келгенде әке-шешеміз оны қатты сыйлайды.

Үлкендерден орыстар туралы көбінесе жақсы пікір еститінбіз: «Орыстардың білмейтіндері жоқ, олар үйтеді екен, бүйтеді екен». Тағы бір құлағыма қайта-қайта естіліп қалатыны,ол орыс тілі туралы әңгімелер: «ананың баласы орысша сөйлейді екен, мынаның баласы орысша үйреніпті».

Сол балалардың ата-аналары ол жайтты үлкен дәреже деп санап, қатты мақтанып отырады. Мүмкін осы кезден бастап менің миымда құлдық сана қалыптаса бастаған шығар. Орыс адамы бастық болуға тиісті, орыс адамы білгіш, орыстар артық, орыс тілін білген – мақтаныш, орыстар сияқты болсаң, ол - мәртебе деген пікір мені жаулай бастады ма деп ойлаймын.

Мен отбасымда төртінші бала болдым. Бір бала кішкентай кезінде шетінеп кеткен. Әке-шешеміз алты баланың алғашқысы, Айтжамалды, «тұңғыш қызымыз» деп, үлкен ұл - Талғатты «тұңғыш ұлымыз» деп қатты жақсы көрсе, кішкентай қыз – Қайынжамалды «кенже қызымыз» деп, кішкентай ұл Сұңғатты «кенже ұлымыз» деп даралады.

Екі ортада, менімен бірге, менен бір жас үлкен әпкем, Бақытжамал екеуіміз ерекшелігіміз болмай қалып қойдық. Қонақ келгенде әкем бізге: 

- Әй, екеуің дайындалыңдар, ертең сендерді әскерге алып кетеді. Қыздарды әскерге алатын болыпты, - дейтін. 

Әпкеміз екеуіміз «бармаймыз» деп жылаймыз. Әкеміз өзінің не айтқанын ұмытып кетеді де, ал біз болсақ түнімен жылап шығамыз, екінші күні тұра сала тағы да жылаймыз. 

- Сендерге не болған? -деп анамыз сұрайды. 

Біз:

- Әскерге барғымыз келмейді,- деп безектейміз. Анамыз күліп:

- Өй, әкең кеше ойнап айтты ғой,- деп сонда ғана айтатын.

Жоқ, ата-анамыз бізді мүлдем жақсы көрмеді деп айтпаймын, жақсы көрді, бірақ басқа балаларға үзіліп кете жаздап тұратынын сезетінбіз. Бақытжамал – пысық, алғыр, батыр қыз болды. Ол ата-анамыздың махаббатын қайсар мінезімен, қара күшімен алуға тырысқан. Ал мен болсам туғанымнан нәзік, былжыраған болдым: не қайсар мінезім жоқ, не қара күшім жоқ.

Сондықтан, мен бала кезімде қалайша әкеммен шешемнің өзіме деген махаббатын арттырсам деген бір амал іздестіріп жүретінмін. Сол жылдары үлкен балалардың үшеуі ауданда интернатта оқып жүрді.

Әкем мен анам олардың ішінде жақсы оқығандарды үнемі мақтап айтып отырады. Сонда мен мектепке барып, жақсы оқып, ата-анамның мақтағанына, жақсы көргеніне қолым жетсе екен деп армандап жүремін. Басқаша өзіме қарататын амал таппадым. Әсіресе, орыс тілін үйреніп алсам, әкем мен анамның мақтанышы болсам, тамаша болушы еді деп ойлайтынмын.

Кешке жатарда, мүмкін сонда мені бәрінен де қатты жақсы көріп кетер деген ойлар жанымды жібітіп, рахатқа бөлетіп, тәтті ұйқыға баттыратын. 

Көктемде, қойлар қоздайтын кезде бастықтар ауданнан әкеме жәрдем ретінде көмекші жібереді. Казір мені таңғалдыратын бір мәселе - сол көмекшілер – ылғи бір отыз-қырықтан асқан, арақты өкіртіп ішетін, орыс еркектері болатын. Оның үстіне барлықтары қылмыс үшін абақтыда отырып келгендер, қандай қылмыс екенін бір құдай біледі.

Негізі, менің ойлауымша, бұлар тың игеру кезінде Ресейден Қазақстанға келген адамдар. Бір естуім бойынша, Ресейде сол кезде тың игеруге баруға көнетін қылмыскерлердің көбі абақтыдан босатылды. Ол адамдардан  не күту керек екенін ешкім білмейді.

Бірақ ауданнан бастықтар жіберген соң, партия халыққа жамандық жасамайды деген сеніммен бе, білмеймін, қазақтар бәрін «дұрыс» деп қабылдай берген ғой. Шүкір, біздің отбасымызды құдай сақтады. Оның бәрі – бірінші Жаратушынің шексіз мейірімі, екіншісі – анамыздың арқасы. 

Анамыз бізді кішкентай кезімізде өте қатал тәрбиеледі, аралары бір-бір жасар алты баланы бос ұстауға болмайтыны түсінікті. Анамыздың жылыған жүзін көрсек, бір сәтте басына мініп кететінбіз, сондықтан ол бізді қатты ұстады.

Бірақ баласына біреу тиіссе, ренжетсе, анамыз қарамайтын, әйел ме - еркек пе, үлкен бе -кіші ме, қазақ па - орыс па, жұлынын үзіп жібере жаздайтын. Қанжығалының қайсар қызынан бәрі қорқатын. Үйге тұруға келетін орыс «зектер» бірден соны сезеді ғой деймін, өйткені неше жылда әртүрлі адам келгенмен, біреуі де біздің біреуімізге де қолынын ұшын тигізіп көрген жоқ.

Осы жолы біздің үйде Саша деген орыс тұратын болды, ол да отырып келген адам. Оның дәлелі - бүкіл денесіне күйдіріп  салынған сурет. Кеңес одағы кезінде денеге тек қана абақтыда әшекей сурет салатын.

Біз орыс көмекшінің тілін де білмейміз, олар да қазақша түсінбейді, оның үстіне «қылмыс жасаған адам» деген соң олардан қатты қорқамыз, сондықтан маңайына мүлдем жоламайтынбыз.

Қыстың соңында, бір күні, әке-шешеміз, көрші жайлаудағы жолдас- таныстарына омыртқа береміз деп қонақ шақырды. Сол кезде біраз уақыттан бері біздің жайлауларға электр қуаты тартылған.

Үйде электр шамы жарқырап тұратын, бірақ жиі сөне беретін. Анамыз күнімен қонақ күтуге дайындалды, ал кешке таман дәл қонақ келетін кезде жарық сөнді де қалды. Біз ондайға үйренгенбіз, сондықтан дайын тұрған керосин шамдарымызды жаға қойдық. Үш-төрт шам шақсаң,  электр жарығынан кем болмайды. 

Үйіміз жарқырап, тамағымыздың иісі бұрқырап, балалар у-шу болып қонақтарымызды қарсы алудамыз. Қонақтар кірісімен жаңалық айта кірді. Жарықтың өшіп қалған себебін жолшыбай ат-шанамен келе жатқанда көріпті, екі жайлаудың ортасында бір электр тартылатын бағана жанып жатыр екен.

Соны көрген қонақтардың өзі у-шу, абдыр-дабдыр, сол туралы айтып жатыр. Тек қана Саша ештеңе түсінбейді, өйткені қазақша білмейді. Не болғанын білгісі келген Саша анамнан орысша сұрады, анам оған жауап берді.

Ішіп алған Саша: «Горит, горит, горит!!!» - деп айқайлай берді. Оны естіген, қонақ келді деп өзі де құтырып жүрген, біз, балалар, Сашаның сөзіне күле бастадық. Түсініксіз сөз бізге бір бірімізді мазақтауға нәғыз келді.

Кеш бойы «карит, карит» деп осы сөзді ойынға айналдырып, бір-бірімізді мазақтаумен болдық. Қонақтар ішті-жеді, көңіл көтеріп өлең айтты, содан кейін түннің ортасында үйлеріне қайтты. Біз бәріміз шаршағанбыз, төсегімізді салып, қатар-қатар жата бастадық.

Ұйқым көзіме тығылып бара жатқанда әлгі сөз менің есіме түсті. Анам әлі жатпағанын көріп, ұйқылы ояу түріммен «Ма, карит деген не?» -деп сұрадым. Анам «ол орысша «жанып жатыр» деген сөз» деді. Сонымен ұйықтап кеттім. 

Таңертең оянсақ, ата-анамыз мал жайлауға кетіп қалыпты, қой қамайтын қашалар дәл үйдің қасында болатын, олар сонда барып жұмыс істейді, ал біз болсақ, үйде өзіміз отыра беретінбіз. Саша, негізі,тым көп арақ ішіп қойған ғой, жұмысқа шықпай, ес-түссіз ұйықтап жатыр.

 Қыстың күні біз көбінесе үйде отырамыз, сол кездің қысы қатты болатын. Ал үйде ішіміз пысып, не істейтінімізді білмей, ылғи бірдеңені бүлдіріп, сосын шешеміз келгенде, таяқ жеп жүретінбіз.

Мен жетіде, менен кейінгі сіңлім Қайынжамал бесте, ал отбасымыздың кенжесі Сұңғаттың төрт жастағы кезі. Үлкенсін деп көбінесе анам маған ұрысатын. Бүгінгі күні тұрып, тамағымызды ішіп алып, ойнап, алысып-жұлысып болған соң, не істерімізді білмей отыр едік, Сұңғат қонақтардан қалып қойған бір қорап сіріңке тауып алды.

Оны қызық көріп кішкене-кішкене кесек қағаздарды жаға бастадық, одан да жалықтық. Содан кейін Сұңғат:

  • «Бұл қағаздар бекер жанып жатыр. Одан да есіктің түбіндегі тесікке тастайық. Сонда бүкіл тышқандар жанып өледі. Олардан осылайша құтыламыз», -деді. 

Сайын даладағы жер үйде тышқан көп болатын, біз олардан қорқудан бұрын денеміз тітіркеніп жиіркенетінбіз. Інімнің ұсынысы маған сондай пайдалы болып көрінді. 

- Жарайды, сөйтсек сөйтейік, - деп шығатын бөлменің есігіне қағаз жинап әкелдік. Есік керегесінің астында тесік болатын, үй жинағанда сонда қағаз тыға беретінбіз. Біз, онсыз да құрғақ қағазға толып тұрған тесікке, тағы да жанған қағаздарды тастай бастадық.

Өзіміз: «тышқандарды жеңдік-ау» - деп қуанып отырмыз. Бір-екі минут өтті ме, білмеймін, біз қарап отырғанда, еденнің асты жана бастады. Мен, тесіктен лапылдап қып-қызыл  жалынның тілі шығып, бетімізге ыстық леп келгенде, бірақ өрт басталғанын түсіндім.

Інім мен сіңлім  айқайлап жылай бастады. Мен де шошып кеттім, үшеуміз де шыңғырып жылап үйдің ішінде жүгіріп жүрміз, жалыннан қорқып, есіктен өте алмаймыз. Менің есімде «анамнан таяқ жеймін ғой» деген ой ғана. Содан қорыққаным соншама, ешқашан қасына жоламайтын, ұйықтап жатқан Сашаға бардым да, оны жұлқылап оята бастадым:

- Жандық, жандық! - деп айқайлаймын, ол ештеңе түсінбейді, тек мыңқ-мыңқ етеді, «мазамды алмаңдар» дегені болар. 

Осы сәтте басыма кеше естіген сөз сарт еткізгендей түсе қалды. Ол «жандық» деген сөздің орысшасы екені бірден ойыма келіп, Сашаның құлағының дәл тесігіне «Карит, карит, карит» -деп айқай салдым.

Саша атып тұрды, пештің үстіндегі шайғұмды ала жөнелді. Қай жер жанып жатқанын білмей, бүкіл үйдің ішін айналып жүгіріп жүр. Біз оны әзер тоқтатып, есіктің астын көрсеттік. Ол тесікке шайғұмдағы бүкіл суды құйып, тағы да су әкеліп құйды.

От сөнді. Саша өз тілінде бізге ұрысып-ұрысып қайтадан жатты. Енді анама айтып қояды ғой деген оймен мен жылап отырмын. Жаным қысылып, Сашаға: «анама айтпашы» - деп жалынғым келеді, бірақ, өкінішке орай, орысша бір-ақ сөз білем.

Ата-анамыз да келді, оларға бәрі айтылды, оңдыртпай сол жолы таяқты үшеуіміз де жедік, әсіресе, мен.

Осыдан кейін сол кіп-кішкентай қыз не ойлауы мүмкін? «Қалай ойласаң, соны осы дүние  дәлелдеп береді»- дейді психологтар. Мүмкін, осы күнге дейін орыстар туралы, орыс тілі туралы естіген пікірлеріме осы оқиға дәлел болды ма. Орыс адамы -құтқарушы, орыс сөзі – оттан сақтады, орыс тілін білмеген соң таяқ жедім, -деген ұстаным менің түпкі санама бір бағдарлама болып жазыла басталды ғой деймін.

Сол Қаратаудан бірнеше километр жерде біздікі сияқты жайлау болатын, онда да жалғыз бір үй бар еді. Сол жерде тұратын отбасы - біздің ата-анамыздың жолдастары. Олардың менімен жасты Гүлбаршын деген қызы болды.

Қонаққа барғанда бізге: «сендер құрдассыңдар, дос болыңдар» -деп бір бірімізге итермелейтін. Ойнап-күліп, достасып жүрдік, бірақ қонаққа өте сирек баратынбыз. Гүлбаршын да жаздың күні мектептің бір ай дайындық тобына Ерейментауға барып, бір сыпыра орысша үйреніп келіпті деп естідік. Оның ата-анасы да мақтанып: «қызымыз орысша сөйлейді» -деп бүкіл маңайға жайды. Мен осы жаңалықтан кейін одан сайын:

- Мектепке барып орысша үйренсем ғой, - деп армандадым.

 

ЕКІНШІ   БӨЛІМ

 

1973 жылдың көктемі. Үлкен балалар интернаттан үйге қайтқанда, Айтжамал әпкем:

- Енді қазақ мектептерін жабады, тек қана орыс мектептері болады, - деген жаңалық айтып келді. 

Биыл менің мектепке баратын кезім еді. Мен қырқүйек айында орыс сыныбына баратын болдым. Армандар орындалады! Менің қуанышым қойныма сыймай, күні-түні тек соны ойлап, армандап, көзіме өзімнің орысша сөйлеп, әке-шешемнің мені жақсы көріп, мақтап, еркелеткенін елестете бердім.

Жыл сайын жылдам өте шығатын жаз, мен үшін сол жолы ұзаққа созылғандай. Уақытты асықтырып, «жылдам мектепке барсам ғой» деген оймен ғана жүрдім. 

Тамыз айының соңғы күні біздің үйге бортты машина келді.Төрт бала анамызбен бірге сол машинаның бортына мініп, ауданға келдік. Менен бақытты адам жоқ, әлі ештеңе сезбеймін, бірінші рет шешемсіз қалатынымда жұмысым жоқ.

Мектепке келгеніме мәзбін. Анамның алақанынан қолымды алған үлкен әпкем, Айтжамал, мені кабинетке жетектеп алып кіргізді. Сыныпқа кірісімен, мұғалім айтқанын орындап, бір орыс қыздың қасына отырғызып кетті.

Бұндай жағдай маған ұнаған жоқ. Мен жан-жағыма қарап едім, Гүлбаршынды көріп қалдым. Оған қатты қуандым, өйткені, дәл сол сәтте кішкене қорқақтай бастағам. Гүлбаршынды танып, орнымнан тұрып , қасына бардым да, соның партасына үшінші болып отырып алдым.

Көк көз орыс әйелі келіп, маған орысша бірдеңе айтты. Ол мұғалім екен. Мен ештеңе түсінбедім, көмек іздеп Гүлбаршынға қарап едім: 

  • «Орныңа бар дейді», -деді ол. 

Мен оның партасынан ұстап алып:

  • Жоқ, барғым келмейді, - дедім. 

Мұғалім: 

  • Осы жолы отырсын, бірақ келесі сабақта орныңа барады,- депті. Үзілісте қатал сөйлеген мұғалім мені орныма отырғызды. Мен осы кезден бастап қиын болатынын түсіне бастадым. Мұғалім бір нәрсе айтып жатыр, айтып жатыр, ал мен ештеңе түсінбеймін. Тіпті болмағасын өзі келіп менің қолдарымды ұстап, бірінің үстіне бірін қойып, қалай дұрыс отыру керегін көрсетті. Мен тіл алу керек екенін бірден түсіне бастадым, өйткені мұғалімнің дауысынан да, тастай қолдарынан да ешқандай жақсылық күтуге болмайтынын сездім. Дұп-дұрыс отыра қалдым. Осы кезде қасымдағы орыс қыз шынтағымнан бір перді, мен ауырғаннан қатты айқалап жібердім. Мұғалімнің шыдамы таусылса керек, қасыма келді де, маған бас салды: ұрысып жатыр, ұрысып жатыр, ақыры жұлқылай бастады. Мен бір сөзін түсінбеймін, не істеу керегін де білмеймін, сұрайын десем орысша білетін «карит» деген бір-ақ сөзім осы жағдайға сәйкес келмейтін сияқты. Қорыққанымнан анамды шақырып айқайлап жылай бастадым. Мұғалім одан сайын ызаланып кетті. Гүлбаршынды шақырып алып, маған айтып жатқанын аудартқызды:
  •  «Енді жыла-жылама, анаң келмейді, ол үйге кетіп қалды. Ал сен тіл алмасаң, далаға шығарып жіберем, онда адасып кетесін, иттер талап өлтіреді. Тыныштал!». Мен енді ғана бәрін түсінгендей болдым. Иә, ағам мен апаларым осында оқуда болғанда, анам үйде бізбен болатын. Олар сонда қалайша анамсыз жүрген!? Енді не істедім!?

Жаздыгүні жайлауда, нөсер жаңбыр болатынның алдында, күн бір сәтте суытып, алай-дүлей  жел тұрып, қара бұлттар жиналып, дала қараңғы болып кететін. Сол кезде менің де ішкі дүниеме суық кіргендей бір сәтте жабырқап кетуші едім.

Дәл сол қалыпқа келіп, зәрем ұшып, дірілдеп-қалшылдап, жылауға қорқып отырмын. Бірақ мені аяйтын ешкім жоқ. Тіпті Гүлбаршынның өзі маған қарамай қойды. Амал жоқ, қорыққанымнан көз жасымды сүртіп, дұрыс отырдым. Бұны көрген басқа 30 шақты бала тым-тырыс, көздері бақырайып, тыныс алуға қорқып отырған сияқты.

Бірінен соң бірі жалғасқан сабақтардан ештеңе ұқпадым да, түсінбедім де. «Түк түсінсем бұйырмасын»,- дейді ғой қазақ. Осы сөз тіркесі қайдан пайда болғанын білмеймін, бірақ мен орыс мектебіне орысша білмей барғаныма тура келеді.

Сабақтан кейін бізді сапқа тұрғызып асханаға апарды, тамақ ішкен cоң қайтадан кабинетке оралдық. Әлгі айқай көтерген мұғалім кетіп қалыпты, оның орнына басқа орыстың әйелі келіп отыр екен.

Ол сондай қатал емес болып көрінді, бірақ біз өзіміз де тып-тынышпыз. Кешкісін тағы да тамақ ішкізіп, бізді жататын бөлмелерімізге апарды. Әр бөлмеде алты-сегіз немесе он баладан жататын болдық. Біздің бөлмемізде сегіз кереуетте сегіз қыз жаттық. 

Қиын болды деп айтқан, ештеңе айтпағанмен бірдей. Анамның қаталдығына ренжуші едім, анамның таяғы бөтен орыс әйелінің ұрысқанынан тәтті болып көрінді. Енді, қанша таяқ жесем де, анам тіпті мені жек көріп кетсе де, тіпті өмірімде орыс тілін білмей өтсем де, ең бастысы, анамнан айырылмасам екен деп қайғыра бастадым. Түнімен көз ілмей ботадай боздап жылап шықтым. 

«Адам үш күндесін көрге де үйренеді»- дейді халқымыз. Сол жасымда осы мақалды білмесем де, қазір ойласам – сірә, интернат сол кішкентай қызға көрдей болған шығар. Бірақ, амал қанша, үйрендік. Мен ол жерде екі жыл оқып шықтым.

Әлі есімде, интернатқа мені анамның қолынан жұлып алып кетіп бара жатқанда, мен: «оданша өлгенім артық»- деп ойлайтынмын. Өйткені екі жылда түк өзгермеді, бірінші күннен бастап қалай құрбан ретінде болдым, солай құрбан болып қала бердім.

Маған бәрі күн көрсетпейтін. Неліктен екенін, енді ғана түсініп келе жатырмын. Сол кездегі өзім туралы не ойлағанымды есіме түсірсем, тек қана «мен бәрінен кеммін, мен тіл білмеймін, мен ештеңеге жарамаймын» деген ойлар.

Осылай басқалар да ойлаған шығар, өйткені менен де жаман жағдайда  болған балалар аз емес, бізден асып кеткендер шамалы болатын. Уақыт өте келе, ептеп-ептеп бәріне үйрене бастадым.

Ең басынан бастап бір түсінгенім - үндемеу керек, шыдау керек, кім ренжітсе де, қалай ренжітсе де, үндемеу керек. Тіпті итше тепкілеп жатса да даусыңды шығармау керек, әйтпесе одан да сорақысы болады.

Қандай қайғырып жүрсем де, баланың аты бала ғой, арасында көңілденіп кететінмін, қашаңғы қайғыра берейін. Жай отырмай, жан-жағыма қарап көп нәрсені ойлап, ұғып жүретінмін. Қарап тұрсам арамызда бірнеше орыстың балалары оқиды екен.

Олар, әрине, бізден артық болды, өйткені тілді білді, мұғаліммен ұлттары бір, сондықтан жанашырлары қасында. Ол аздай орыс балаларының жартысы  Ерейментау қаласының өзінде тұрады екен, өз үйлерінен келіп оқитын.

Бәріміз аталған жағдайға неге біз сондай емеспіз деп қызығатынбыз. Жаратушынің сүйіктісі тек қана орыстар болып көрінетін:"Өздеріне жақсы түр де берілген, жақсы тіл де берілген, тұратын жерлері де қала, мектептің қасы.

Ата-анасынан да айырмайды, милары да бар, білімдері де бар. Не деген бақытты адамдар!  Ал біз болсақ, құдай бізді аямай, ештеңеге жарамайтын қазақ қылып жаратқан ғой»  - деп ойлайтын болдым. 

 

ҮШІНШІ БӨЛІМ

 

Біраз уақыттан кейін оку үрдісі өз қалпына келе бастағанда мұғалім сынып басшысын қоя бастады. Сыныптың командирі болып қаладан келіп оқитын Федя деген орыс баласы тағайындалды, өйткені ол орысша біледі. 

Содан кейін мұғалім бүкіл балаларды бес баладан жұлдызшаға бөлді. Сыныпта бір бұрышта жұлдызшалардың суреті ілініп тұратын. Әр жұлдызшаның ортасында Владимир Ильич Лениннің кішкентай кезіндегі суреті болды.

Мұғалім жұлдызшаның бес қанатына бес баланың аты-жөнін жазып, сол балалардың ішінде біреуін командир етіп қойды. Бастапқы кезде, біз, әрине, Ленин кім екенін білген жоқпыз, мен көпке дейін жұлдызшадағы фотосуреттегі орыстың әп-әдемі, ақ бұйра шашты баласының шасы жоқ Ленинге қандай қатысы бар екенін де түсінбей жүрдім.

Бір білерім – осы бала да менен артық, менен жақсы деп ойлаймын, өйкені ол да орыс.

Соңында орыс тілін түсіне бастағанда, мұғалімнен «Ленин мектепте тек қана «5»-ке оқыған, дәптеріңде бір де бір қателік болмаған, әдепті, тіл алғыш, білімді болған», - дегенін естіп, оған жету мүмкін еместігін білдім, өйткені мұғалім менің тек қана жаман жағымды айтатын. 

Командирлер жататын бөлмеге де қойылды, олар орысша кішкене де болса білетін қазақ балалары. Осыған дейін көргеніміз көрген бе, осыдан кейін нағыз көрешек басталды. Отыз баланың оны басшылар - мұғалімнің көмекшісі болып саналады, сондықтан енді сабақта, асханада немесе далада, болмаса жататын бөлмеде өз-өзіңді дұрыс ұстамасаң, олар бәрін мұғалімге жеткізеді.

Ондай жағдайда, құрыдым дей бер, жазаңды табасың. Арамызда орысша да, қазақша да сайраған бір татар қызы болды, ол бізге мұғалім айтқанның бәрін нүкте, леп белгісіне, дауысының ырғағына дейін аударып берді. Бұл жалпы ереже.

Содан соң шарттар қойыла басталды. Ең бірінші мұғалім қойған шарт – сыныпта, далада, асханада, жататын бөлмеде, еш жерде, қазақша сөйлеуге мүлдем болмайды. Оны командирлер бақылайды, егер олар ереже бұзған баланы ұстап алса, ол бала бұрышқа қойылады.

Оған да көнбесе, басқа шаралар қолданылады. Мектепке келіп мен бірінші рет милицияның бар екенін білдім. Ең жаман қорқатынымыз осы тәртіп сақшылар еді. Мұғалім:

- «Тәртіп бұзған бала абақтыға жабылып, бәлен жыл сонда отырады» -деп турасын айтатын. Енді не амал бар! Бәріне көнуге дайынбыз, тек қана милицияны шақырмаса болды.

 Басында сыныпта осы ережені орындау қиындыққа соққан жоқ, себебі, тек қана аузымызды ашпағанымыз жеткілікті болды. Бірақ мұғалімнің озбырлығына бестік баға беруге болады, оның дәлелі – ең нашар оқитын балалардың өзі бір жылдың ішінде орысша сөйлеп, осы шартты жүз пайыз толық орындауы.

Оған себеп – ана тіліне мүлдем тыйым салу, орыс тіліне зорлап оқыту, қатал ережелер. Қазақша байқамай  сөйлеп қалып талай бұрышта тұратын күндеріміз болған.

Адамның жанына ең қатты бататыны – ол жұрттың алдында масқара болу. Жас баласын ба, жасөспірімсің бе айырмашылығы жоқ. Адамның кез келген сәтте ұятқа қалуы, жұртқа күлкі болуы оның жанын қатты жаралайтыны сөзсіз.

Иә, өскен соң жеті жасында бұтыңа жіберіп қойғаныңа өзін де күлерсің, бірақ сол кезде ұятқа батқанын түпкі санаңда жара болып қалып қойып. Содан кейін адамның бүкіл өміріне жаман әсерін тигізеді екен.

Мұғалімнің екінші шарты біріншісінен де зор болып шықты – сыныптан дәретханаға шыққылары келген оқушылар қолын көтеріп «Можно выйти?»- деп орысша сұрану керек. Олай сұранбаған балаға шығуға рұқсат берілмейді. Ол неге апаратынын мен бірден түсіндім, оны мұғалім өзі де нақты біледі. Біздің оқып жүргенімізге бір айдай уақыт болды, әлі орысша түсінбейміз, сөйлеу әрі тұрсын.

Мұғалім – айтқанынан қайтпайтын адам. Осы заңның бірінші құрбандарын көрген мен, қалай екенін білмеймін, бірден осы екі сөзді жаттап алдым. Оны жаттай алмай бүкіл балалардың алдында бұтына жіберіп қойған талай бала болды.

Балалар қатыгез болып келеді деген бір пікір бар ғой, сондықтан ба, әлгі жіберіп қойған баланы мұғалім жазалағаны аздай, басқа балалар мазақтап иттей қылады. Осындай ұятқа батқан кезі түпкі санасында «мен жаманмын» деген ой қалып қойған бала не болады?

Осы екі сөзді айтып сыныптан шығып кетем, ал келгенде, орныма қайтып отыру үшін «Можно сесть» деу керек. «Сесть» деген сөзге тіліміз келмей қойды. Соңғы сабақта сұранып шықсақ ештеңе етпейді, бір сабақ қана есік алдында тұрамыз.

Бірінші сабақта дәретханаға барғымыз келсе қиын болатын, одан кейін төрт сабақ бойы отыруға рұқсат ала алмай есікке сүйеніп тұрып қалатынбыз. Аяғын шаршап, іргеге сүйеніп үш сағат тұрсаң, екі сөзді жаттауға мәжбүр боласын. 

Сабақта командирлер тыным бермейді, жолдан тайып кетсең болды, бәрін мұғалімге жайып салады. Мұғалімнің әдісі біреу ғана; командир шағым жасады ма, болды, ештеңе талқыланбайды - жазаланасын.

Кей кезде балалардың жартысынан көбі қазақша сөйлеген үшін іргенің бойында бірнеше сағат тұратын. Ал сабақтан кейін бөлменің бастығы күн көрсетпейді. Оларды орысша «комнадком» (командир над комнатой) деп атайтын, қыздардікі «комнадкомка».

Осы сөз маған басымнан ұрып жатқан соққы сияқты болып естілетін, не істесең де ойлайтыным – дұрыс па, комнадкомкаға көрініп қалам ба, комнадкомкаға ұнамай қала ма, комнадкомка қазақша айтқанымды естіп қалды ма, комнадкомка мұғалімге жеткізе ме деген қорқынышпен күнім өтетін.

Жаныма қатты бататыны – біздің бөлменің комнадкомкасы, менің досым, Гүлбаршынның болуы. Ол бастық болғалы мені біржолата танымай кетті, онысы аздай менің соңымнан түсіп алып, тек қана мені аңдумен болатын.

Қазақша бір сөз шығып кетсе, қазақша сөйледі деп, жүгірсең – жүгірді деп мұғалімге екінші күні айтып барады, секірсең – секірді, даусыңды шығарсаң – айқайлады дейтін. Алайда, мен қандай қорғансыз болсам да, жанымды сақтауды үйренгендеймін.

Күннен күнге  осындай өмірдің қатал заңын ұғып, өзімді біреудің ренжітуіне жол бермеуге тырыстым. Шыдамдылыққа үйрендім. 

Кешке таман ешкімнің бұзықтығын таба алмаған комнадкомка біз ұйқыға енді ғана батарда сылтау іздей бастайтын. Екінші күні мұғалімге есеп беру керек қой. Жатып қалғасын, аунауға болмайды дегенді шығарып алды.

Сөйтеді де менің кереуетімнің аяқ жағына отырып алады. Мен бір жағыма жатсам, сол жағымда екі сағат өтсе де қимылдамай жата алатын дәрежеге жеттім, жіп-жіңішке аяқтарымның тізе сүйектері бір-біріне батып, тіпті ойылып кете жаздаса да шыдайтынмын. Осылайша Гүлбаршынға мені жазалайтын ешқандай амал бермеуді көздейтінмін.

Әрине, тек мен ғана емес, бәріне шыдап, көніп, төзімділікке жаттыққан басқа қыздар да комнадкомкаға шағым жасайтын себеп бермеуге тырысты. Одан нәтиже көрмеген ол, ұйықтап қалсаң– қимылдауға болмайды деген келесідей заңды тағы ойлап тапты.

Енді не жанымыз қалды! Одан сақтану үшін, біз комнадкомка ұйықтағанша өзіміз де көз ілмей жататынбыз. 

Бізді аңдыған Гүлбаршын, оның ұйқысын аңдыған біз. Бірде Рабиға деген қыз ұйықтап кетіп, бір аунап түсті. Сол-ақ екен, комнадкомка оны жылы төсегінен суырып алып, бұрышқа қойды. Бастығымыздың ереже бұзған баланы бөлмеде жазалайтын құқығы бар еді, бірақ ол жазаланған осы бұзықтық үшін екінші күні сыныптағы жазадан босатпайды.

Тым кеш болып кетті ғой деймін, бәріміз ұйықтап қалыппыз. Күз уақыты, таң әлі ерте атады. Мен жылаған дауыстан оянып кеттім, қарасам – таң атып келеді, бәрі ұйықтап жатыр, тек Рабиға әлі бұрышта тұр. Шаршаған, жатуға қорқып, жылап тұр. Оны аяған мен сыбырлап:

- Жатсайшы! - дедім. 

Ол:

- Рұқсатсыз қорқам. 

- Ендеше Гүлбаршынды оят, - деймін. 

- Бұрыштан шығуға болмайды ғой.

Таңның тәтті ұйқысы, комнадкокамыз ес-түс жоқ ұйықтап жатыр. Рабиға маған:

- Сен оятшы,- деп жалынды. Ал менің басым екеу ме!? Мен де қорқам. Не істесем екен деп ойланып жатып, Рабиғаға:

- Мен оны ақырын барып оятып жіберем де, жүгіріп келіп орныма жата қалам, ал сен оған менің тұрғанымды айтушы болма. Мақұл! Солай істедім. Оянған Гүлбаршын Рабиғаның таң атқанша бұрышта жылап тұрғанына өзі де шошып кетті. Оған өзі жалына бастады:

- Айтпашы, айтпашы мұғалімге, - деп.

Ол өзі бастық болғасын ба, бұл ережеге мән бермеген ғой. Тағы бір қатал заң – ол бастықтардың үстінен шағым жасауға тиым. Мұғалім бәрін басынан бастап алдын алып қойған; осы мектепте оқитын үлкен ағаларыңа немесе апаларыңа, болмаса үйге барғанда ата-аналарыңа мұғалімнің үстінен немесе командирлердің үстінен шағым жасасаңдар, милицияға хабарлаймын, сотталып кетесіндер деп.

Мектебіңде осындай тірлік болса, абақтыда қандай өмір деп ойлатынмын. Сондықтан осында екі жыл оқып, осындай қастандық көріп, мен  сол кездерде бұның бәрін ешкімге айтып көрген жоқпын. Тек қана үйге келгенде: «интернатқа бармайыншы, бармайыншы» - деп жылай беретінмін. Шешем үйді қатты сағынғасын жылайтын шығар деп  ойлайды екен. Қорыққан бала тіс жармады.

Кешке жататын кезде бізге қарайтын күтуші келеді, орыстардың кәрі кемпірлері түнде кезекпен бізді бақылайды. Орысша ертегілерін айтады, түсініп жатқанымыз шамалы, бірақ мұғалімдерге қарағанда олар мейірімді болып көрінетін.

Негізі әдейі бізге бір қазақша сөйлейтін адам жолатпайды, амалсыз орысша сөйлеуге үйренсін деген жалпы жүйе ғой. Бұндай тәсілмен жыл сайын кез келген адамды әр түрлі  тілді үйретуге болады деп есептеймін.

 

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

 

Күз кетіп қыс келді. Қиындықтың көкесі енді басталды. Интернат сұп-суық, дәретхана далада. Дәретхана дегенін интернаттың қасында бөлек түрған екіге бөлінген, бірнеше тесіктері бар үйшік, ішіне кіріп былғанбай шығу мүмкін емес.

Түнде дәлізге үлкен темір шелек қойылады, сонда бәріміз түні бойы дәретке отырамыз, таңертең сол маңайда аяқ басатын жер болмайды. Қазір осыған қатты таңқаламын. Қалай осындай абақты секілді жерде ешкім қатты ауырмай, өлмей, өмір сүргенбіз! Десек те, денсаулығымыз мықты болғаны ғой. Әлде рухтың мықтылығы ма?

Сабақтан сұранып шыға алам, сабақта балалардың алдында жіберіп қойған жоқпын деп өз-өзімді мақтан тұтатын едім. Енді не шара, кішкентай болсам да өз-өзімді бағалайтын бір себеп болғанын қалайтын шығармын.

Ол сезімнің де өзі бір күні жоқ болып кетті. Суық басталғалы, күнде біреу болмаса біреу ұйықтағанда төсекке жіберіп қоятын оқиғалар басталды. Оны ешкім суықтан деп ойламайды, оған тек қана баланың өзі кінәлі деп түсінеміз.

Сол бала жазаланып бұрышқа қойылатыны аздай, таңертең тұрысымен қабаған иттердің ортасына тасталғандай болады. Сол күні төсекті бүлдірмеген балалар жіберіп қойған баланы жеп қоя жаздайды. Мазақ қылып, кемсітіп, жұлқылап, ұруға дейін баратын. Бүгін бүлдірмеген балалар екінші күні бүлдіріп қояды да, олардың күні туады. «Дүние – кезек» деп осыны айт. 

Көп қиындыққа бейімделіп келе жатыр едім, бұл сынақтан мен де өте алмадым. Даладағы дәретханадан тоңып жүрген қуық сұп-суық төсекте ұйықтағанға қайдан шыдасын. Бір күні мен де төсегімде шылқылдап ояндым.

Бәрі тұрғанда, төсегім кеуіп қалар деген оймен, тұрмай жата бердім. Сұық бөлмеде қайдан кепсін. Амал жоқ, тұрдым. Бір күнгі тозаққа шыдадым. Содан кейін түнімен ұйықтамасам да, бір рет те төсекке жіберген жоқпын. Төсекке күнде жіберіп қоятын балалар болатын. Бейшаралар, қалай шыдады екен.

Мен өмірімде бір рет жіберіп көрешекті көрдім, ал олар не болды екен?!

Қазір көзім жетіп отыр, негізі мен мисыз болған емеспін, жұрт қатарлы орысша сөйлей бастадым, жазуды әдемі жазатынмын. Арасында бір жасап қалған күндерім де болды. «Р» әрпін оқыған күні осы әріпті ешкім дұрыс жаза алмады, ал мен бірден әдемі жаздым.

Мұғалім, бұл әріпті әдемі де жазуға мүмкін деп, дәптерімді бәріне көрсетіп шықты. Сол күні менен бақытты адам болған жоқ. Бірақ көбінесе мұғалім, ұрысып, жұлқылап, құлақтан тартып, тек сынай беретін. Мен өзімді өзім сол үшін миғұламын деп санайтынмын. 

Сабақта баланың мәртебесін көтеретін бір амал бар да - ол күн сайын өтілетін жаңа әріп. Мұғалім жаңа әріпті көрсетіп:

«Мынау қандай әріп? Кім біледі? - деп сұрайды.

Білген бала - сол күннің данышпаны. Мен бірде асханадан келе жатып Талғат ағамды кездестіріп қалдым, екеуіміз қуанып сөйлесіп тұрғанда, есіме түсіп:

Мына әріп қалай айтылады?- деп сұрадым. «Э» әріпінің суретін терезенің шынысына саусағыммен салып көрсеттім. Ағам жауабын айтты. Мен тақтаның үстінде жазылып тұрған әріптерді кезекпен оқып жатқанымызды әліпбидің соңына жақындағанда түсіне бастадым. «Э» әрпін біліп алып өзімнен өзім қуанып, ертең қатырмақшы болып жүрмін. Мен дұрыс түсінсем, ертең осы әріпті өтеміз.

Қалай сақтансам да болмады, сол кеште комнадкомка бір сылтау тауып, екінші күні шағым жасап, мұғалім мені бұрышқа қойды. Бұрышта тұрған тәртіп бұзған бала сабаққа қатысатын құқықтан айырылады. Көз жасым көлдей төгіліп, дауысымды шығармай жылап тұрмын.

Ең өкініштісі – мұғалім "Э" әріпі туралы сұрағанда, қандай әріп екенін, ешкім айта алмады. Ал мен болсам – қолымнан осындай мәртебе кетіп бара жатқанын көре тұра, шексіз қайғыға батып қала бердім.

Осы мектептің ішінде екі әпкем, бір ағам оқитынына қарамастан, оларды көруге өте сирек рұқсат берілетін. Арасында Бақытжамалды бір көргенде, ең бірінші сұрайтыным: «үйге баруға қанша күн қалды»-деймін. Бақытжамал екінші сыныпта ғана оқиды, өзі де білмейтін шығар, көп болғасын ба, маған басында «жүз күн» дейді.

Сол күннен бастап күн санаймын, біраз уақыттан кейін жаңылып қалам да, келесі кездескенде тағы да сұрап аламын. Әйтеуір, күндер сәл де болса азайып тұрады -  бұл  мен үшін үзілмейтін үміт.

Кешке таман, жатарда сол саннан бір сан алып тастап, тағы да азайды деп, жаныма жылу кіріп, анашыммен әкешімді көретін күн жақындады деп қуанамын. Күндерді санамасам, олар азайып арманыма жақындата бермесе, үмітім болмаса, білмеймін, жұдырықтай жүрегім осындай тозақтай өмірге шыдар еді ме!

Тоқсан да бітетін күн келеді, бізде қуанып үйге барамыз. Көктемде қойлар қоздайды, біз болсақ әке-шешемізге көмектесіп қашаларға шығамыз. Кеңес үкіметі тек қана қазақтың баласына ғана емес, қойдың баласына да зұлымдық жасапты ғой.

Сол заманда қойларға да бір заң шыққан - қозылар енесін еме берсе, қой әлсіреп қалады, сондықтан  қозыларды енелерінен айырып түнгі уақытқа бөлек қамау керек деген . Қозы айыру – бір күш. Шамасы кем дегенде бес жүз қойдың жартысы қоздаса, екі жүз елу бастың екі жүз елу қозысын айырып, бөлек қамап көр.

Соған біз, алтауымыз да көмекке шығамыз. Нағыз қойдың қырғыны басталған сияқты болады – бәлен қой қозыларын бермей бақырғанда, қозылар аналарынан айырлығысы келмей бәрі бірге маңырағанда, оны естіген адамның денесі тітіркеніп, ақырзаман келді деп ойлап қалуға болушы еді. 

     Демалыс бітеді, ауданнан балаларды оқуға апаруға машинамен екі ер адам келеді. Қозылардың күні бізге туады. Біреуіміз анамыздың етегінен айырылмай, біреуіміз белінен ұстап алып, бармаймыз деп, бақырып жылаймыз, оны көріп, шыдай алмай,анамыз жылайды.

Бұның  бітпейтінін түсінген ер адамдар бізді анамыздың қолынан жұлып алып, зар еңіретіп машинаға салып, алып кетеді. Жол бойы жылап, әбден әлсіреп, түк өзгермейтінін түсініп, тағы да осындай өмірге қөнеміз. Мені Бақытжамалдан айырып әкетіп бара жатқанда, неше күн қалғанын сұрауға үлгеремін. Сосын тағы да сол күннен бастап күн санай бастаймын.

 

БЕСІНШІ  БӨЛІМ

 

Екінші сыныпта бізге Гүлнар деген жаңадан қыз келді, өзі қалада тұратын қыз, орысшаға судай, қазақша бір сөз білмейді. Әке-шешесі ішімдікке салынып кеткесін, оны біздің интернатқа орналастырыпты.

Оны біз кейін білдік. Келісімен Гүлнар мұғаліммен тіл табысып алды, өйткені орысша жақсы сөйлейді. Біз болсақ жаз бойы үйімізде болып, қазақша сөйлеп, бар білген орысшамызды ұмытып келдік; еркін жүргеннен, мектептің тәртібін ұмыта бастаппыз. Енді мұғалімге бәрін басынан бастау керек.

Жаңа келген қыз сондай жағымпаз екен, жағымпаздығы соншама, барып мұғалімнің иығына дейін сипайтын. Мұғалім үшін ол нағыз керек адам болып шыға келді, ол бірден Гүлнарді  сыныптың басшысы етіп қойды. Осы күннен бастап тозақтан асқан тозақ та болатынына көзіміз жетті. 

Оқудың алғашқы жылы мұғалім біздің барлығымызды өзі қолымен жазалайтын. Сыныпта ұзын, бір метрлік таяқ сызғыш болатын, соны қолыңа ұстап жүріп, балаларды періп қалып, соғып қалып сабақ өткізеді.

Енді ол жұмысты Гүлнар атқаратын болды. Мұғалім ұрғанын біз дұрыс деп санайтынбыз, ал жаңадан келген, өзімізбен жасты қыз ұрғаны тәнімізге де, жанымызға да қатты бататын. Оның үстіне Гүлнар тасжүрек болды, ұрса, қатты батырып ұрады.

Мұғалім қайткенмен алды-артын ойлап жүреді ғой, ал Гүлнар ештеңе ойламайды, мертіктірем деп қорықпайды, әлгі таяқпен ұрғанда талай баланың бастарын ісітіп қойған күндер болды. Осылай жаз бойы ата-анамыздың қасында күшімізді жинап, жараланған жанымыз емделіп екінші сыныпқа күшейіп келіп отырғанда, мұғалімнің тапқан әрекеті бәрін бір күнде жоққа келтірді. 

Гүлнар сыныптың командирі болғасын, жататын бөлмемізде комнадкомкамен бірге бастық. Енді қалай өмір сүру керек? Мен білетін, менің қолымнан келетін бірақ амал – шыдау. Алайда, Гүлнармен ол да мүмкін емес болды. «Енді жанымды қалайша сақтап қалам?» деген ойдан мен бір түсініксіз қалыпқа түстім.

Ол жайымды құдайым өзі көріп, бір амал берді ғой деймін, өйткені қатыгез, тас жүрек мұғаліммен командирге қарсы менің де жүрегім, жаным, денем, сезімдерім бәрі қатып қалғандай болды. Мен ештеңеге, ешқандай сөзге, ешқандай ұрып-соққанға жылауды да қойдым, ойлауды да қойдым, қайғыруды да қойдым, тура робот сияқты жүре бердім.

Олай болмаса тағы бір жылдың азабына елжіреген баланың жүрегі қалай шыдар еді. Осы жылы көргенімнің бәрін қазбалап айтпай-ақ қояйын, еске түсіріп, одан сайын жүрегімді ауыртқым келмейді.

Бірақ, екінші сыныптың соңында Гүлнардан өшімді алып алғанымды айтайын. Гүлнар сабаққа өте нашар болған, тіпті бәрінен де жаман оқыды десем артық емес. Оның үстіне арасында интернатқа оның маскүнем шешесі келіп тұратын.

Қашан келсе мас болады, аяғын әзер алып жүретін, киімі бәрі алба-жұлба. Неге екенін білмеймін, қолына үнемі бір ақман ұстап жүреді. Біз - байғұс, күлу былай тұрсын, соны да Гүлнардың бетіне басып айтуға қорқамыз. Бірақ бұл қыздың бізден артық емес екенін іштей сезетінбіз. 

Екінші сыныпты бітірдік, балаларды әке-шешелері келіп, алып-кетіп жатыр. Мұғалім демалысқа шығып кетті.

Ең соңында менімен бірге тағы екі қыз қалды. Біздің аналарымыз келіп, үйдің киімін әкеліп, өздері бір-екі сағатқа дүкен аралауға кеткен. Интернатта бәріміз үкіметтің бірдей киімін киетінбіз, ал оқу жылының соғында ол киімді тапсырып, үйден әкелген киімге ауыстырамыз. 

Гүлнарды алып кетуге шешесі келмеді, сондықтан оны мамыр айының соңында пионерлер лагеріне жіберетін болды. Интернат жұмысшылары бүкіл киімді тапсырып, есеп беру керек деп Гүлнарға тек қана үстіндегі бір көйлекті қалдырып, басқасын бәрін ішкі киіміне дейін шешіп алыпты.

Біз есік алдында ойнап жүріп, Гүлнардың іш киімсіз жүргенін көріп қалдық. Бізбен бірге бір-екі ер балалар да жүрген. Біз, қалған үш қыз соны ұлдарға айтып, Гүлнардың көйлегін көтеріп қалып, ұятқа батырдық. Осыдан кейін Гүлнар ызаланып жылап, бізді қорқыта бастады:

-Үшінші сыныпқа бәрі бір келесіңдер, сонда мен бәрін мұғалімге айтып, көрешектеріңді көрсетем, қолыма түсесіңдер әлі, -деді.

 Дәл сол сәтте мен одан қорыққан жоқпын. Қатыгездік қатыгездік тудырады. Келесі жылды ойлау әлі ерте ғой, ал дәл қазір осы кезге дейін Гүлнардың бізге жасаған зұлымдығын қайтаруға тура келді. 

 

Жаздың күні әке-шешеміз жайлаудан көшу керек деген сөз бастады. Біз интернатқа кетерде қиналып жылайтынымыз олардың жанына  қатты батса керек, олар мектебі бар ауылға көшпекші болды. Бұл жаңалыққа мен қатты қуандым, өйткені интернатта мені не күтіп тұрғанын білемін.

Бірақ осы мәселе жаз бойы шешілмей келе жатты. Көшпей қаламыз ба деген ойдан менде зәре жоқ, күні-түні уайымдаймын. Интернатқа қайтадан барып Гүлнардың қолына түссем, не болатынымды айтпасам да белгілі.

Сонда кімге жалынатынымды да білмеймін, өз-өзіме айтып, өз-өзіме жалынатынмын. Анашым «көшеміз» деп, көшіп кетсек екен, көшсек екен, көшсек екен»-деп есіме түссе түнімен жылап шығатынмын.

«Көшпеске болмайды, көшпесек интернатта Гүлнар түбіме жетеді. Мен оған қастандық жасамағанда, ол қанша қанымды ішті, ал енді қолына түссем, ол мені өлтіреді» - деп ойлап, тамыз айының соңғы  күндерінің әр сәтін уайыммен өткіздім. Бұл сырымды ешкімге айталмаймын, мұғалімнің қорқытып тастағаны соншама, тіпті ең жақын әпкем Бақытжамалдың өзі осының бірін де білмейтін. 

Жаздың соңы, әлі көшкен жоқпыз. Тек тамыздың отызы ғана Қаратауға бізді көшіруге тіркеуіштері бар екі трактор келді. Біреуі дүниемізбен бізді, екіншісі малды апаруға. Жиналып жүріп әкеммен анам ұрысып қалды, анамыз ренжіп, көшпеймін деп салды.

Осында қалсақ, интернатқа тағы барамыз ба деген ойдан бізде зәре жоқ, бірақ шешеміз одан сайын ызаланама деп аузымызды ашпаймыз. Ақыры кеш батты, ертеңгі күні таң ата шықпақшы болдық. Мен ұйықтай алмай түн ортасына дейін көзім бақырайып жаттым, дүрс-дүрс соққан жүрек кеудемнен шығып кете жаздайтын сияқты.

 Қашан ұйықтап кеткенімді білмеймін, әкеміз күн жаңа шыққан кезде бізді оятып, трактордың тіркеуішіне отырғызды. Бәріміз жолға шықтық. Біз ұйқымызды аша алмай жарты жол бойы астымызға шөптің үстіндегі төсекте жаттық.

Мен бұның бәрін түсімде көріп жатқан сияқтымын. Ал,қазір оянып кетсем, сол қалпымен Қаратауда қалатын болып, бізді интернатқа апарып тастаса, қалайша сондай өмірге тағы да шыдаймын деп ойлап қоямын. Жоқ, одан да оянбағаным артық, бұның бәрі түс болса, «өмір бақи оянбашы»- деп өз-өзіме жалынып келем.

Оқуға бір-ақ күн қалғанда, біз Жаңатас деген ауылға көшіп келдік. Менің қуанышымда шек жоқ - интернаттан құтылдым, мұғалімнен құтылдым, бастықтардан құтылдым, ең бастысы Гүлнардан құтылдым.

Енді өмір бойы ата-анамның, аға, әпке, сіңлі-інімнің қасында болам деп қуанышым қойныма сыймай жүрмін. Бірақ көпке дейін көшкенімізге сенбей, есіме түсіп кеткенде, «бұл түс болып қалама, бір күні оянып кетем бе»- деп қорқумен бір жылдай өмірім өтті.

 

АЛТЫНШЫ БӨЛІМ

Бұл оқиға шынымен менің өмірімде болған. Ерейментауда осы күнге дейін сол интернаттың қасынан өтіп бара жатсам, жаным қысылады. Интернат әрине кеңес одағы құлағаннан кейін жабылды. Екі жылда көргенімізді айта берсем әңгіме бітпейді.

Екі жыл осындай тәсілмен оқытудың нәтижесі зор болды. Біз бәріміз осы екі жылда орысша сөйлеу, ойлау, оқу, жазу, санаудың бәрін үйрендік. 8 наурыз мерекесінде қыздарға бірдей қызыл матадан сарафан тігіп, бастарына қызыл орамал орап, орысша өлең айтқызады, орыс биін билетеді.

Қыздар жанын беріп: «Миии мәтрөшки, вөт тәкие крөшки.» – деп әндетеді. Бұның бәрі жалпы орыстандыруға арналған жұмыс жүйесі болған ғой деп ойлаймын.

 

Мүмкін кейбіреуіңіз мені барлық жамандықтарды жинап алып жазып отыр деп ойларсыз. Жоқ, олай емес. Осының өзі – жай орташасы. Мұғалім оқушылардың құлақтарын жұлып, талай қан жоса қылғандарын тегістеп айтпай-ақ қояйын.

Ондай жағдай сол кезде ата-анасы қасында болса да болатын, ал ата-анасы бір тоқсан бойы балаларын көрмегенде, не болмады дейсіздер. Интернатта талай балалар биттеп, оларды дустпен уландырып, одан бит кетпесе, ұл демей, қыз демей шаштарын тақырлатып қырқып тастағанда, қыздар-бейшаралар қандай күйде болғанынын майын ағызып айтпай-ақ қояйын.

Даладағы ешкім күзетпейтін дәретханада еңгезердей еркек талай қыздардың жанын қалай ұшырғанын айтсам, ешкімнің жүрегі шыдамас. Мұғалімді арқа тұтып, орыс балаларының бізге басынып жасаған зұлымдықтарын да айтқым келмейді. Ұ

лт арасына от салғым келмейді. Бұл тым ауыр әңгіме болып кетеді. Орташасының өзін көтеруге құдай өзі күш-қуат берсін! 

Бұның бәріне, әрине, Кеңес одағының саясаты кінәлі. Бұл сөзсіз. Осындай саясат болғанда әр ұлттың ішінен осындай мұғалім сияқты, Гүлнар сияқты адамдар әрқашан табылады  деп ойлаймын. Ал мен болсам осы екі жыл интернатта көргенімді ұмытуға тырыстым.

Жаңатас ауылына көшкелі көзіміз ашылды. Мен жақсы оқығанымды осында ғана білдім. Бірінші де, екінші де сыныпта оқу үлгерімімде бір де бір үшім жоқ екен. Сонда мен орысша білмесем де, бәрін дұрыс ұғып, меңгеріп жүргенмін ғой.

Бірақ мұғалімге жақпадым, ол мені мақтамайтын, тіпті жақсы оқығанымды да жасырыпты, бұның себебі жағымпазданбауым. Жағымпазданғым келген жоқ деп айта алмаймын, ондайға жарамадым, өйткені өзім сондай ұялшақ едім, оның үстіне қорқақ болдым, тағы айтсам сүмелек болдым.

Ештеңеге батылым бармайтын. Мұғалім болса оған жағымпазданатын, оның сөзін сөйлеп, басқа балалардың қылықтарын жеткізетін балаларды ғана бағалайтын. Ал мен ондай ештеңеге жарамайтынмын, тіпті аузымды ашуға қорқатынбын. 

Жаңатаста көбінесе немістер ,орыстар тұратын. Бәрі орысша сөйлейді, мектеп те орысша. Интернатта қазақша оқыған Талғат ағаммен Бақытжамал әпкем амалсыздан орысша оқыды. Оларға да оңай болған жоқ, бірақ ата-анамыз қасымызда болған соң, олар дәл мен сияқты қиналған емес.

Мектепте келісімен, есімдеріңіз қиын, есте сақталынбайды деп бізге орысша ат бере бастады. Айтжамалды «Аня» деп атайтын болды, Бақытжамалды «Валя», Қайынжамал «Катя» болып кетті. Олар соған қарсы болған жоқ. Анамыз да «Соня» болып шыға келді.

Ал маған «Надя» дейміз дегенге мен көнбедім. Арасында бір қырсығып қалатыным бар еді. Неге екенін білмеймін, бірақ «Надя» болғым келмеді. Мені осылай атаса, ерегісіп қарамай жүре берем. Ақыры, қиын болса да, бәрі менің атымды жаттап алуға мәжбүр болды.

Бірақ «осы қазақтың аты да түкке жарамайды екен» деген пікір миымда өз орынын тапты ғой деймін, өйткені осыдан кейін өз атымды ұнатпай кеттім. 

Осыған дейін де, ең бірінші орыстар туралы естіген әңгімелерімнен бастап мен қазақты, қазақ ұлтын, яғни өзімді орыстардан кем санай бастадым. Мүмкін бұл тіпті одан да бұрын басталған жағдай шығар. Негізі ананың сүтімен келген ұғым. 

Біздің нағашы атамыз, Салықтың Қабыкені, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстың ең басында бір талай қазақ орысша бір сөз білмей майданға аттанды. Солардың ішінде біздің де атамыз болған.

Атамыздың айтуы бойынша, майданда қаншама қазақтарды бұйрықты түсінбеген үшін атып тастады. Содан кейін көпке ұзамай қаншама қазақ фашистердің тұтқынына түседі. Сол тұтқыннан нағашы атам соғыстың соңында ғана босатылыпты.

Фашистерде тек қана орысшадан неміс тіліне аударатын аудармашы болған, ал басқа тілде сөйлейтін адамдарды түк түсінбеген үшін көбінесе атып тастайды екен. 

Тұтқында жүріп атам неміс тілін түсіне бастап, қазақшадан немісшеге аударып, қаншама қазақты аман алып қалған. Қабыкен атамызға немістер Гаухман деп ат қойыпты. Бірақ сол үшін соғыстан кейін халық жауы аталып, бес жыл бас бостандығынан айырып, Карлагта отырды.

Соғысқа дейін нағашы атам ауданның газетінде жұмыс істеген адам, ақын, жазушы еді. Бірақ «халық жауы» деген атақтан кейін ол жұмысқа жолатылмады. Амалсыздан саманнан үй салуды үйреніп, Ордабай ауылының көп үйін атам салды.  

Нағашы атамыз біздің анамызды орыс балабақшасына беріпті. Орыс тілін білмегені үшін қазақтың қырылғанын көрген соң, өз баласын сондай азаптан құтқармақшы болған шығар, білмеймін. Шешеміз мектепті де орысша бітірді, бірақ бірыңғай қазақша сөйлейтін.

Орыс тіліне байланысты ұғым аталарымыздан келе жатқан дүние.

Біздің әкеміз – Омбының қазағы. Мектеп бітірісімен Ерейментауға келген. 1953 жылы Ресейде қазақ мектептерін жауып тастайды. Сол жылы әкем оныншы сыныптың оқушысы. Басшылар жаңа жылда шыққан бұйрықты ұзатпай сол кезде іске асырады.

Сондықтан 3 тоқсаннан бастап бүкіл қазақ мектебі орыс мектебіне айналады. Әкем соңғы екі тоқсанды үйтіп-бүйтіп орысша бітіріпті. 

Әкеміз бухгалтер оқуын бітіріп, біраз уақыт кассир, бухгалтер болып жұмыс істеді. Бірақ осыдан да жанына жақын іс – ақындық еді. Әкеміз өмір бойы көп оқыған адам, осы күнге дейін бір күнді де кітап оқымай өткізбейді.

Өзі жазған өлеңдері де көп, 90 – шы жылдары айтыс өнерін халқымыз қайта жандандырған кездерде, әкем сол айтыскерлердің арасында табылып, Маңғыстауға дейін барып, екінші орын алып келген адам.

Қазақ тілінің нағыз жанашырларының бірін менің әкем деп санаймын, өйткені әкеміз әрқашан бізден қазақша сөйлегенді талап ететін, соның арқасында біздің үйдегі балалардың бәрі де қарапайым қазақша сөйлеуді үмытқан жоқ. Бірақ, көбінесе тек қана әкеміздің үйіне келгенде ғана сөйлейтінбіз.

***

Қазақ халқының тағдырына қысқаша тоқталсақ, қазақтың  құлдық санаған қалай ұшырағанын байқауға болады : революциядан кейін қаншама көтеріліс болды, қаншама қантөгіс өтті, қазақтар тәуелсіздік ала алмады.

Ақыры геноцидқа ұшырады, одан Ұлы отан соғысында қырылды, репрессия кезінде дәл осындай біздің мектебімізде сияқты біреуді біреу көрсетіп, халық қаншама тұлғаларынан айырылды.

Менің ойымша, қазақ халқы осыдан кейін шаршады, қарсы шығуды тоқтатты. Қазақ қорқақ болып қалғаннан емес, енді осылай қырыла берсе, бір жолата құрып кететінін халық сезді ғой деймін. Осындай қарсылықпен ұлттың бірыңғай жойылып кету қаупі туған соң, қазақ бір мезгіл басылғаны дұрыс болды деп санаймын.

Бұл бүкіл қазақ халқының біртұтас сана сезімінің құдіреті деп білемін. Біраз тыныштық жылдары қазақ санын көбейтіп алды. Бірақ құлдық сана қазақтың өне бойына терең сіңе бастады. Ол сана әке-шешемізден бізге беріліп, біз өз тәжірибемізбен оны тағы да дәлелдеп, осы дерттің таралуына септігімізді қоса бердік.

Осы тыныштық жылдары Кеңес одағы да тәсілдерін өзгертіп, басқа ұлт өкілдерін үгіттеумен көндіре бастады. Коммунизмге жетсек, бүкіл адамзат бай болады, бақытты болады деген уәдеге кім сенгісі келмейді.

Қарапайым халық сенді. Бақытты болу үшін барлық шартты орындауға дайын болды. Сол коммунизмге жететін жолда, барлық ұлттардың ортақ бір тілі болу керек дегенді де қабылдады. Ол тіл, әрине, орыс тілі болу керек, өйткені тарихи солай қалыптасты. Орыс тілінде ұлы Ленин сөйлеген. 

Бұның бәрі белгілі жағдай. Мен жаңадан ештеңе ашып отырған жоқпын. Содан кейін Кеңес одағы тарап кетті. Ал қазақтың көбі өзі тіліне, өз ұлтына деген құрметін жоғалтып, орыс тілінде сөйлеп, орыс тілін қадірлеп,   құлдық санаға шалдыға бастады.

 Ең бірінші, мен өзім туралы айтып отырмын, құлдық сананың ең ауыр түрі маған жабысқан. Дәл мен сияқты талай жыл ана тілін менсінбей, ана тілінде сөйлеуге ұялатын, орыс тілін сүйіп, орыс тілінің алдында бас иіп жүрген адамды табу оңай емес шығар.

Нағыз ана тілін сатқан мен болдым, бірақ жағдайым дәл осылай екенін түсінбей жүрдім. Тек қана осы соңғы жылы ұлттық санам оянып, ана тілім туралы ойлана бастадым.

ЖЕТІНШІ  БӨЛІМ

Мен үшінші сыныптан бастап орыс тілін меңгеріп кеттім. Меңгергенім сонша, орыс тілі мен орыс әдебиетіне ғашық болып, бүкіл сабақтың ішінде соларды таңдап, ерекше оқып, институтқа орыс тілі мен әдебиеті факультетіне түсіп, бес жыл тек қана төртпен-беске оқып, дипломды беске қорғап шықтым.

Сол бес жыл институтта оқыған кезімде менен бақытты адам болған жоқ сияқты.

Бірақ онда да өзіме ұнамайтын жағдайлар болды. Институтта жоғарыдағы факультетте екі бөлім болды. Мұғалімдерді орыс мектептерге дайындайтын бөлім «басты» бөлім деп аталатын.

Екіншісі осы пәннен мұғалімдерді  қазақ мектебіне дайындайтын бөлім «арнайы» деп аталатын, орысша бізге «спецы» дейтін. Басты бөлімде жартысынан көбі орыс балалары оқыды, ал арнайы топта тек қана қазақтар.

Мен арнайы топта оқыдым. «Спецы» деген атақ бізді басты топтан кем деп саналатындай болып естілетін. Қалай жақсы оқысам да, сол бес жыл бойы «спецы» деген сөз бізге бір жаман таңба сияқты болып жүрді. Осындай мәселелер өмір бойы соңымнан қалмай қойды.  

Сол институтты бітіргеннен соң мені жұмысқа бір ауылға жіберді. Бұл жерде де көбінесе орыстар тұратын еді. Мен мектепке келдім, оқу ісінің меңгерушісі менімен танысқан соң:

- Анна Сергеевнаны күте  тұрыңыз, ол сізге кабинеттің кілтін береді, -деді.

Мұғалімдер бөлмесінде біраз күтіп отырдым, мұғалімдер ылғи сары шашты, көк көз орыстың әйелдері екен. Қазір осыларға ұқсайтын тағы бір әйел келетін шығар деп ойлап отырмын. Бір кезде есік ашылды, біреу:

- О! Анна Сергеевна келді! - деді. 

Мен қарадым да, отырған орындығымнан құлап қала жаздадым. Есіктен кірген әйел кәдімгідей қараторы, қысық көзді, толықтау келген қазақ әйелі екен. Менің таңғалғанымды көрген мұғалім күліп жіберіп,  былай деді: 

- Анна Сергеевна - қазақ. Оның аты – Алтын Сейткамаловна. Ол жиырма жыл бұрын сен сияқты осы мектепке келгенде, мұндай қиын атты балалар айта алмайды деп, біз оны Анна Сергеевна деп орысша атап кеттік.

 Ал енді «сізді Нур-жа-мал Шай-мер-де-нов-на» деп буындап менің аты-жөнімді әзер оқып:

- Біз сізді «Надежда Александровна» деп атаймыз,- деді оқу ісінің меңгерушісі. 

Мен сасқанымнан:

- Неге Александровна?- деппін. 

- Өйткені "ш" әрпіне орысша бірақ ат – ол Шура, ал Шураны Александр деп атайды. 

Мен атып тұрып:  

- Жо-жоқ, олай болмайды. Мен оған көнбеймін! - деп салдым. Барлық мұғалімдер мені көндіргісі келіп, әр түрлі себептер келтіре бастады. 

- Балаларды аясаңызшы, сіздің атыңызды айта алмай қиналады ғой. Сізге сондай қиын ат қойғанына олар кінәлі емес, - деп.

Мен көнбедім.

Тағы бір жиырма жыл өткен соң, осы мектепке мен сияқты бір жас қыз келіп, оған «Надежда Александровнаны күте тұрыңыз» десе, сосын ол  мені көріп мен сияқты шошып кетпей ме деп ойлап қоямын.

Басқаша атасаңдар, осында жұмыс істемеймін деп ақыры айтқанымнан қайтпадым. Сосын кабинетке барып, тақтаның ең үстіне үлкен әріптермен «НУРЖАМАЛ ШАЙМЕРДЕНОВНА» деп жазып қойдым.

Оқушыларға менің аты-жөнімді айту керек болса, тақтадан қарап оқыңдар дедім. Басында олар әдейі, мені мазақтағысы келіп неше түрлі қылып айтатын, сосын бір айдың ішінде үйреніп кетті.

Мен өз атымды әдемі, жақсы санағандығымнан орысша атқа көнбедім деп айта алмаймын. Жоқ, маған өз атым мүлдем ұнамайтын, бірақ орысша атаған тіпті табиғатыма  қарсы болып көрінетін.

 

Содан кейін талай жылдар өтті, талай оқиғалар болды, талай өзгерістерді көрдік. Ана тіліміз қайда қалғанын да білмейміз, күні-түні орысша шүлдірлейміз. 

Кеңес одағының өзі де жойылып кетті, коммунизмге жете алмайтын болдық. Енді бақытты, бай болашақ та жоқ, соған жетеміз деп тілімізден де, ұлтымыздан да айырылуға жақын болып, не қазақ емеспіз, не орыс емеспіз, қала бердік.

Қазақпыз дейік десек, тіліміз де, ойымыз да орысша. Орыспыз дейік десек түріміз – қазақ. Күніміз туса, қандай орысқа керек боламыз! Осылай адасып, жетекшісі жоқ соқыр адам секілді, қайда барсақ та сүрініп-қабынып, ұрынып- соғынып,  өмірден таяқ жеп, адасып жүре бердік.

Сонша адасқан адам оңа ма? Біз жолдасым Қанат екеуіміз оңбадық, өмірімізде көрешекті көрдік. Екі қаршадай қызымыздан айырылып, үйіміз жоқ, күйіміз жоқ, өміріміздің оннан астам жылы жылаумен өтті.

Тұңғыш қызымыз Меруерт екі жарым айында қатты ауырып шетінеп кетті, содан кейін туған қызымыз Риза қан ауруына шалдығып, 8 жыл бойы ауырып қайтыс болды. Құдайға тәуба, дені сау, ақылды ұлымыз бар. Осы ұлдың соңынан туған үшінші қызымыз да ауру болып туды.

Осыдан кейін мен, неліктен соншама қайғы-қасірет басымызға түсті деп, ойлана бастадым. Көп оқыдым, іздендім, талай психологтардың кітаптарын оқып, өзімді өзім танып, өзіммен жұмыс жасап, ой-пікірлерімді өзгерттім, күнде не ойлап жүргенімді бақылап, жақсылықты ғана ойлауға тырыстым. Соңынан өміріміз де өзгере бастады. Үй алдық, қызымыз жазылды, демалысқа шет елге барып келдік. 2011 жылы «Спасем своих детей» атты қыздарымның ауырғаны туралы орыс тілінде кітап жаздым.

Бірақ бәрібір, бір нәрсе жібермей тұрған сияқты болатын. Бір мәселе шешілсе, екінші қиындыққа тап боламыз. Денсаулығы түзелген қызым өтпелі жасында тәртібі бұзылып, бірнеше жыл есімізді шығарды. Соның себебін іздеп жүріп, қайырымдылықпен айналыса бастадым.

Ғаламтордан бір жоба тауып алып, қайырымдылық дүкенін https://www.instagram.com/ riza qaiyrymdylyk_dukeni_ /  аштым. Екі жыл бойы ауыратын балаларға көмек көрсетіп келемін. Бірақ осында да сауда бірде болса, бірде болмай қалып, дүкенім жабылып қала ма деген ойда жүремін.

Бір түсінгенім -  мен әлі де бүкіл өмірімдегі қиындықтардың ең түпкі себебін таба алмай жүрмін. Осыны біле тұра іздене бердім. Ана тілімнің жағдайы жаныма қатты батқанда, мені не жібермей тұрғанын сол кезде ғана түсіндім.

Мен осы күнге дейін орысқұл болдым. Осы жағдай менің жаныма жаман батады. «Құл» деп атаған намысқа оқтай тиеді. Басқа біреу айтса, қалай қатты ренжуші едім, ал өзің осыны түсініп, өзіңді құл екеніңді мойындасаң, ол бәрінен де ауыр болады екен.

Бала кезімнен ой-санама сіңе берген ұғым, өскенде түпкі санамда отырып, менің іс-қимылыма әсер етіп, өмірімде көрмегенім жоқ.

Бұл ұғым - «менің ана тілім, қазақ тілі орыс тілінен кем, менің ұлтым орыс ұлтынан кем, сондықтан орыс жақсы, қазақ жаман, яғни мен орыстардан кеммін, сондықтан мен жаманмын» -деген ұстаныммен осы күнге дейін жүре беріппін.

Ал «Жаман адам бақытты болуға құқығы жоқ» - деген ұғымды бәріміз де кішкентайымыздан білеміз. Жаман адам жамандық жасайды. Жамандық жасаған адам міндетті түрде жазалану керек, оны да білеміз.

Оны адам жазасын бермесе, құдай өзі жазалайды. Бұл – айқын! Ал адам өзін жаманмын деп санаса, өз-өзін өзінің іс-әрекетімен жазалайды. Бұны мен шығарған жоқпын, бұл – бүкіл әлемдегі психологтар зерттеп тапқан осы дүниенің заңы.

Қаншама кітап оқысам да, бір де бір психологтың өз тілінді сүй, ана тілінде сөйле, өз ұлтыңды қадірле, жақсы көр деп ақыл үйреткенін кездестірмеппін. Әйтпесе осының бәрін баяғыда-ақ түсінем ғой. Бәлкім, бұл ұғым талқылануға жатпайтын дүние шығар.

Ешбір психологтың миына кіріп те шықпайтын мәселе деп ойлаймын – өз тілін, өз ұлтын бағаламайтын адам болу мүмкін емес, деп ойлайтын шығар олар.

Кім білген осындай болатынын!? Көп оқып, ойланып, оқығанымнан тұжырым жасап осы күнге жеттім. Енді не істеуім керек!? Қандай қарекет жасауым керек? Қалай өмір сүруім керек?

 Бізде осы күні бәрі де бар, біреуде көбірек, біреуде азырақ, бірақ жалпы қазақ елі жақсы өмір сүріп келе жатыр. Меніңше, қазаққа бақытты болу үшін тек қана бір-ақ нәрсе керек – ол өз ана тілін, өз ұлтын бағалау, қадірлеу, сүйю, ана тілінде таза сөйлеу, ойлау.

Олай болса, адам өз өзін бағалайды, ал өзін бағалаған, сүйген адам өзіне сенімді болады, өзіне сенімді адам бүкіл мақсаттарына жетеді, бақытты болады. 300 жыл отарлықта қазақ ең маңызды қасиетін жоғалтып алды.

Ол өзіне деген сенімділік. Қазақтың рухы бар, қабілеті бар, салт-дәстүрі бар; кең-байтақ жері бар, жерінің байлығы бастан асып жатыр, ал өзіне деген сенімділігі жоқ. Сенімділік жоюлуға жақын қалған тілімізбен бірге азайған.

Ал дәл қазір қазақ тілі өз елімізде кең қолданысқа ие болып, дамып, өз орнына, төрге, шыққанда, қазағым да өз өзіне деген сенімділігі күшейіп, талай белестерге жетеді деп сенемін. Бұл жақсы жаңалық, өйткені кез келген қазаққа өз ана тіліне қайта оралу қиынға соқпайды.

Ең қиыны –  көп адам осыған мән бермейді, қандай тілде сөйлегенін, ойлағанын маңызды емес деп санайды. Маңызды, өте  маңызды! Тіл мен ұлттың құдіреті зор!  

Қазіргі заман – ең жақсы заман, өйткені адам баласының көзі ашық, білімі бар. Көзі ашық адам кез келген мәселені шеше алады. Мәселенің себебін білсе, әр адам өмірін түзеуге, оны дұрыс жолға салуға өз шамасы да жетеді, себебі қол астында бүкіл құралдар дайын тұр. Ғаламторға кірсе болды, керегін табады. 

СЕГІЗІНШ БӨЛІМ

Психологтар адам тек өзін-өзі бағаласа, өз-өзін сүйсе ғана бақытты болады деп тұжырымдайды. Адам  ана тілін, ұлтын басқа тілден, басқа ұлттан кем санаса, қалай өзін өзі бағалап, өз-өзін сүйе алады. 

«Таза қазақша ойлап, сөйлесем құлдық санадан құтыламын» - деп шештім. Бұл өте пайдалы іс – адам өз аузынан қандай сөз шығып жатқанын бақыласа, бүкіл ісін, ойын, яғни өмірін бақылап, басқара алады.

Содан кейінгі құлдық санаға қарсы қарекет - бұрыннан келе жатқан өз ұлтым туралы пікірлерімді өзгерту. «Е, біздің қазақ сол ғой – көре алмайды, қызғаншақ, іші тар, жалқау, өпәқ, сөпәқ»- дегенді бәріміз де естіген шығармыз.

Осы сөздерден ғана емес, бұндай ұғымнан арылу керек. Өз ұлтын соншама кім табалайды? Тек қана басқа ұлтты артық көретін адам.

«Орыс тілін оқыңдар! Ол сіздердің көздеріңізді ашады!» деп ғылымға шақырған ұлы Абай атамыз ана тілін, қазақ тілін ұмытып, тек қана орыс тілін қадірлеңдер деген жоқ. Сол кезде қазақтың көне мұралары жойылып кеткен. Сондықтан Абай атамыз орыс тілі арқылы білім алуға шақырған.

 Ана тілінен айырылған халық ұлтынан айырылады, ұлтынан айырылған халық жерінен айырылады, жерінен айырылған халық басқа ұлттың құлы болады. Құл болған адам ешқашан өз-өзін қадірлемейді, өзін қадірлемеген адам бақытты бола алмайды.

Ақшасы басынан асып жатса да,  бақытты бола алмайды, сондықтан «байлар да жылайды».

Ал бақытты болу үшін адам ең бірінші «адам» деген атын, өз ұлтын, ана тілін, жерін, елін, сүйіп, қадірлеп, мақтан тұту керек. Әр адам бақытты болса, мемлекеттің өзі де өзгереді. Бай, абыройлы, бақытты ел болады.Ондай елдің байлығына да, тіліне де, жеріне де  ешкім қол суға алмайды.

«Жер – ұлттың тәні, тіл – ұлттың жаны», «Тәні болмаса, ұлт жойылады; жаны шықса, ұлт өледі». Ұлт  пен тіл біртұтас болу керек. Қазақтың ерлері неше ғасыр бойы жер үшін қан төгіп, қаншама жерді қорғап халқына алып қалды.

Қазақ туған тілін «ана тілім» дейді, өйткені әр бала тусымен анасының бауырында болады, анасынан тіл үйренеді. Сондықтан ең бірінші қазақ тіліне жауапты адамдар – ол аналар, апалар, әжелер. Шаңырақтың шырағын сақтайтын да сіздер, қазақтың тілінің тағдыры да сіздердің қолдарыңызда. 

Ғаламторда қаншама ер азаматтар тіл үшін күресіп жүр. Кезінде қазақтың жерін қорғау үшін әйелдер де  атқа мінген. Осы заманда атқа мінудің қажеті жоқ. Қазір ана тілді үйде отырып сақтап қалуға болады.

Ол үшін әр ана ана тілінде сөйлеп, ана тілінде ойлап, ана тілін сүйіп, қадірлесе, өз баласының тілін ана тілінде шығарып, ана тілінде оқытса болды ғой. Сонда қазақ деген ұлтымызда сақталады, ана тіліміз де өз орнына, төрге, шығады.

Қазір кейбір жастар «ұлттың да керегі жоқ, ана тілінің де керегі жоқ, біз космополит боламыз» дейді. Алдымен адамға баспана керек, содан кейін адам жанға пана іздей бастайды. Әлі жассыңдар ғой, жас ұлғая келе жанға демеу қажет болады, сонда адам құдай өзі сыйлаған ұлтын, тілін бағалай бастайды.

Космополит болған жақсы болса америқандықтар космополит болып жүре бермей ме. Ұлттарын, ана тілдерін жоғалтып алғаннан кейін, солар емес пе ұлт жоқ жерде «американдық» деген ұлт жасап, тіл жоқ жерде ағылшын тілінен "американдық ағылшын тілін" құрып, оны қадірлеп, мақтан тұтып ең мықты, ең дамыған елдің ішінде табылып шыға келді.

Тек қана өзін өзі сыйлаған, өз-өзін бағалаған халық сондай дережеге жетеді.

Германияда неогумбольд деген ағым бар екен, олардың айтуы бойынша, тіл тек қана қарым-қатынасқа арналған құрал емес. Әр ұлттың тілі ата – бабаларының аманаты, тілдің қарапайым ақпарат атқарудан басқа  мол маңызы бар.

Тіл ата-бабамыздың ежелден жиналған рухани қазынасы, сондықтан қазақ «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Қазақ қазақша жақсылық ойлап, жақсылық айтса, соның бәрі орындалады, өйткені сөздердің ішінде ата-бабаларымыздың рухы, күші, қуаты бар.

Осыны негізі біз әрқашан сезіп жүрген халықпыз, сондықтан тойларда тек қана қазақша тілек айтамыз, қазақша бата беріледі. 

Жазушы Қанат Тасибеков бір сүхбатында: «Менің тілім – менің дінім.» –деді. Осы сөз мені қатты ойландырды. Бірәз уақыттан кейін мен түсіндім. Иә, ең бірінші бізге ана тіліміз беріледі, ана тілімізде біз Жаратушіні танимыз, оған сиынамыз, ана тілінде жақсылық сұраймыз, ана тілінде ойланамыз.

Сондықтан адамның ең қымбатты рухани байлығы – ана тілі. Рухы мықты адамның денсаулығы да, өзегі де мықты болады.

 

Мен басымнан кешкен интернат оқиғаларына «заман сондай болған шығар»-деп еш уақытта аса зор мән бермейтінмін . Өмірдегі қиындықтардың себебін балалық шақтан іздеу керек деген психологтардың кеңестерін оқығанда, интернатты есіме де алмайтынмын. Түбі осында жатқанын енді ғана түсінгендеймін. 

Болған іс болды, жамандықтың бәрі артта қалды. Бұның бәрі тарихқа айналды.

Енді тек қана құлдық санадан құтылу ғана қалды. Адам құлдық сана бойымда бар деп мойындаса, жартылай осы дерттен құтылады; содан кейін тек қана таза ана тілінде сөйлеп, ойлап кетсе бақытты болады - деп ойлаймын.

Бұның бәрін түсініп, дұрыс-бұрысын тауып, өткен шақтан сабақ алып, осы күннен бастап өз тілін, өз ұлтын бағалай бастаса, адам бақытты, келешегі жарқын болады деп білем. 

Соңғы үш ай бәрін есіме түсіріп, сол кішкентай Нұржамалмен бірге қайта қиналып, бірге жылап, тоңып-жаурап, екі жыл интернаттың көрешегін басымнан қайта кешкендеймін.

Үш ай кітап жазу барысында мен жеті киллограм салмақ тастадым, жүдеп-жадап кеттім, кеудемде құр жаным қалды. Сыртымнан біткен қатты, қалың қабыршақтың ішіннен шыққандай болдым. Ұлттық санам жанымды жарып шықты.

Осымен бәрін жібергендеймін. Солай болғанына кәміл сенемін. Димаштың айтқан өленінің бір сөйлемін қайталап айтып жүргенім бекер болған жоқ. Нәтижесінде "қатып қалған іштің дертін" қозғап жіберіп, ішімнен сыртқа шығарып, жанымды босатып, ойымды тазартып, бұл дерттен толығымен айықтым.

Аңсаған ана тілімді де жанымның бір бұрышында абақтыға жабылып тұрған жерінен босаттым. Енді мен де өткеннен тәуелсізбін, ана тілім де бостандықта. Екеуміз де еркінбіз, сондықтан біргеміз.

Мен ешкімге ренжімеймін, біреуге ренжуден, біреуді ренжітуден құдай өзі сақтасын. Реніш деген ең жаман сезім дейді психологтар. Кешірдім, барлығын кешірдім. Кешіру, ең алдымен, өзіме қажет.

Ренішті өмір бақи арқалап жүрген адам алға жүре алмайды. Мен болсам бір орында тұрып қалудан қорқамын. Бір орында ешкімде қатып қалмайды, төмен құлдырай бастайды. Дамымаған адам деградацияға ұшырайды, ол тағы да шешілмейтін қиындықтарға, қайғы-қасіретке, ауруға апарады. 

Мен, өзім де ренжіткен адамдардан кешірім сұраймын. Ең бірінші Жаратушы сыйлаған ана тілімнен кешірім сұраймын «Кешір мені, менің аяулы ана тілім – қазақ тілім! Қадіріңді білмегенім үшін, осы күнге дейін менсінбегенім үшін, басқа тілге беріліп, сатқын болғаным үшін. Кеш мені, оның бәрі өзіңнің алдында білмей істеген күнәм». Енді бәрі де жақсы болады деп сенемін.

Бұл өткінші өмірге Жаратушы бүкіл адам баласын ұлтымен, ана тілімен,  жаратады. Ұлтымыз, ана тіліміз, дүниетанымымыз, жеріміз, еліміз, табиғатымыз, қабілетіміз, ата-анамыз, балаларымыз, жынысымыз, әр адамның қандай болса да дене бітімі, келбеті, тіпті көзінің түсіне дейін Жаратушының бізге деген қымбатты сый-сыяпаты.

Бізге берілген осы сыйды біз өмір бойы қадірлеп, сақтап, дамытып, бір бірімізді танып  өту - міндет. Қазір осы қағида – мен үшін өмірімнің мағынасы. Әр күнді тек қана тәубемен, ризашылықпен қарсы алудамын, өзімнің өмірімді, санамды, денсаулығымды  дамытатын қарекет жасауға тырысудамын.

Егер мен дамысам, аман-сау, бақытты болсам қасымдағы жақындарымды да, басқа адамдарды да бақытты ете аламын.

Осы күні мен өзімді бақыттымын деп айта аламын, өйткені қазақ деген тәнніммен, қазақ деген жаным қосылып, біртұтас адам болдым. Осыған жететін бақыт бар ма! Өмірге деген ризашылығым құшағыма сыймай бара жатыр.

Мен ризамын! Жаратушыма ризамын! Жүрегімде болған ана тіліме ризамын! Өмір берген ата-анама ризамын! Жанымда жүрген жарыма ризамын! «Ана» деген балаларыма ризамын!

Жалғызсыратпаған бауырларыма, туыс-туғаныма, жолдас – жораларыма ризамын!

Қажымай қазақ тілін қорғап келе жатқан ағамыз Мұхтар Шахановқа ризамын!

Ұлттық санамды оятқан  алтын балаға Димаш Құдайбергенге ризамын! Қазақ тілінің жанашыры Оғыз Доған мырзаға ризамын! Қазақтың қайсар қыздары Руза Бейсембай тегіне, Жұлдыздай Жұмаділдаеваға ризамын!

Қазақ тілін үйреніп жүріп, үйретіп жүрген Қанат Тасибеков мырзаға,. Владислав Тен мырзаға ризамын!  Көзімді ашқан  Дос Көшімге, Бекболат Тлеуханға, Расул Жұмалыға, Айдос Сарымға, Омар Жәлелге, Дархан Әбдікке, Мұхтар Тайжанға ризамын!

Көк аспанға ризамын Күнге ризамын! Айға ризамын! Мені сүйген бүкіл дүниеге ризамын!

ЭПИЛОГ

Осы күнге дейн ана тілім туралы қаншама ойланып, оқып, уайымдап жүріп, мынадай қорытындыға келдім - мен соншама бекер қайғырған екенмін,  қазақ тілі жойылып бара жатқан жоқ. Ана тіліме деген ешқандай қауіп жоқ.

Ол мен үшін ғана қауіп төнген екен, мен ана тілімді жоғалтып ала жаздаппын. Менсіз қазақ тілі болған, бар, бола да береді, ал мен өзім ана тілімді қадірлемегенім үшін талай жыл өмірімді қайғыға айналдырыппын, бір жолата жоғалып кете жаздаппын. Менің ана тіліме жасайтын жақсылығым бір-ақ уысқа сыяды, ал ана тілдің адамға жасайтын жақсылығы шексіз. 

Сол неогумбольттардың айтуы бойынша әр тілдің осы дүниеде өз тағдыры бар, халықтардың тарихы - тілдерінің тарихы. Тіл тағдырының ішінде әр адамның тағдыры табылады. Адамның тағдыры ана тілімен бірге болса, ол адамның өзегі мықты болады.

Мен өз ана тіліммен бірге боламын деп шештім, өйткені енді мен үшін ана тілімсіз өмір мағынасыз. 

Ештеңеге қарамастан, ана тілім, қазақ тілім дамып, көркейіп келе жатқанына көзім жетті. Ал өз елінде сұраныс болғанда, қазақ тілі бір сәтте биіктен бірақ шығады. Үш жүз жыл отарлыққа шыдап жойылып кетпей, аман қалған ана тілім ешқашан жойылмайды! Осындай сынақтан өткен тіл тек қана қайраттанып, күшейіп, өркендей береді, осындай тілде сөйлейтін халық та мықты, қайратты, өркенниетті болады. 

Негізі, бір түсінгенім, соңғы жылдары шет елден қазақ тілін сақтаған біздің қандастарымыз оралып, орыстілді басқа ұлт өкілдері өз елдеріне қайтып, қазақ елінде қазақтың саны жетпіс пайызға өсіп, қазақ тілінің рухы көтеріліп келе жатыр.

Енді бұл үрдісті ешкім тоқтата алмайды. Көтерілген қазақ тілінің рухы, тіпті дерті өтіп кеткен, мен сияқты орысқұлдардың өзін оятып, ана тілімізге қайта оралып жатырмыз.

Енді мен нақты сенімдімін- қазақ елінің болашағы қазақ тілінде, қазақ тілінің болашағы жарқын!

 «Ана тілімді қорғаймын» - деп кітап жазып бітірген соң түсінгенім, – ол ана тілім мені қорғаймын деп маған кітап жазғызды. Олай болмаса, бұны қалай түсінуге болады – 15 жыл орыс тілінде оқып, 43 жыл көбінесе орысша сөйлеп, осының бәрін қалай мен қазақ тілінде жеткіздім!

Ешқашан ана тілімде бір бет шығарма да жазып көрген емеспін. Бұл – мен үшін өмірдің  ғажабы!

Оқырмандарыма айтарым – шамаларыңыз келгенше Жаратушыміз сыйлаған ана тіліңізден айырылмаңыздар, ана тіліңізде сөйлеңіздер!

Солай болса ана тіліңіз де сіздерді өз қанатының астына алып, қорғап, сақтап жүреді, сіздерге өз мейірімін төгіп, тек қана бақытқа бөлейді! Сонда өмірлеріңіз ғажапқа толады. Аман-сау, бақытты болыңыздар!                                                      

                                                                                              

Тамыз 2018 жыл.

 

Жұлдызды белсенді емесЖұлдызды белсенді емесЖұлдызды белсенді емесЖұлдызды белсенді емесЖұлдызды белсенді емес